«Құжатқа қол қойған»: СІМ соғыс аймағындағы қазақ жігіттеріне қатысты түсінік берді

Құрылтай кулуарында сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Ресейге жұмысқа кетіп, соғыс аймағында қалған 14 қазақ жігітіне қатысты пікір айтты, деп хабарлайды Kursiv.media.
«Қазақстан азаматтарының қақтығыс аймағына қалай тап болғаны әзірге белгісіз. Қазір бұл жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр. Құжаттарға қол қойылған болып отыр. Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіліп, азаматтардың отбасыларымен байланыс орнатылып жатыр», – деді Ашықбаев.
Журналистердің «Қазақстанның Ресейдегі консулдығы азаматтардың қақтығыс аймағына түсуіне жол бермеу бағытында тиісті жұмыс жүргізбеді ме?» деген сұрағына жауап берген спикер бұл пікірмен келіспейтінін айтты.
Оның сөзінше, әр азамат өзі қол қоятын құжаттармен мұқият танысуы керек. Әр адамның жауапкершілігі бар. Дегенмен адамдарды алдау салдарынан осындай жағдайға тап болуы да жоққа шығарылмады.
«Әрбір жағдай бойынша олардың қандай құжаттарға қол қойғанын, қандай негізде қақтығыс аймағына тап болғанын жеке-жеке анықтап жатырмыз», – деді ол.
Осыған дейін Ресейге кеткен қазақ жігіттері, жұмысқа тұру жайлы құжаттарға қол қойып соғыс аймағынан бір-ақ шыққан еді. Олар туыстарынан видео арқылы көмек сұраған. Олардың ата-аналары СІМ ғимаратының алдына келіп көмек сұрады. Кейін 14 жігіттің Қазақстан елшілігіне жеткізілетіні жайлы ақпарат тарады. Алайда ведомство оны жоққа шығарды.