
Қазақстанда медициналық туризмді дамыту үшін арнайы заң қабылдау ұсынылды. Respublica партиясының депутаттары «Медициналық туризм туралы» заң жобасын Үкіметтің қарауына жолдады. Құжатта шетелдік пациенттерге қызмет көрсетуді үйлестіру, халықаралық стандарттарға сай клиникаларды қолдау және Қазақстан медицинасының шетелдегі танымалдылығын арттыру мәселелері қамтылған. Бұл туралы Құрылтай депутаты Нұргүл Тау Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді, деп жазады Kursiv.Media.
Қазақстанға келетін шетелдік пациенттер саны артып келеді
Депутаттың айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның медициналық ұйымдары шамамен 80 мың шетелдік пациентті қабылдаған. Ал сарапшылар 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 300 мың адамға жетіп, ел экономикасына жыл сайын 300 млн долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін деп есептейді.
Нұргүл Таудың сөзінше, медициналық туризмнің экономикалық пайдасы тек емдеу мекемелерінің табысымен шектелмейді. Шетелдік пациенттерге қызмет көрсету қонақүй, көлік, қоғамдық тамақтану, аударма және туристік қызметтерге де сұраныс қалыптастырады.
«Медициналық туризмнің тағы бір артықшылығы – ол өзге туристік бағыттар сияқты маусымға тәуелді емес, жыл бойы жалғаса береді», – деп атап өтті депутат.
Сауалда келтірілген деректерге сәйкес, медициналық турист қарапайым туристке қарағанда шамамен 10 есе көп қаражат жұмсайды. Амбулаториялық емнің орташа құны 2 мың АҚШ долларына, ал стационарлық емнің құны 5 мың долларға дейін жетуі мүмкін.
Медициналық туризмді дамытуға не кедергі
Нұргүл Таудың айтуынша, бұған дейін Үкіметке медициналық туризм саласындағы жүйелі мәселелер бойынша бірқатар ұсыныс берілген. Олардың қатарында бірыңғай үйлестіру тетігін құру, медициналық туристер үшін визалық рәсімдерді жеңілдету, халықаралық аккредиттеуден өткен клиникаларды қолдау және Қазақстан медицинасының шетелдегі беделін арттыру бар.
Депутаттың сөзінше, Үкімет жауабында 48 елдің азаматтарына электрондық E-Visa рәсімдеу мүмкіндігі бар екені айтылғанымен, басқа ұсыныстар бойынша нақты шешімдер көрсетілмеген.
Осы мәселелерді шешу үшін Respublica партиясының фракциясы Денсаулық сақтау министрлігін, Парламентаризм институтын және сарапшыларды тарта отырып, бір жарым жыл бойы жұмыс жүргізген. Нәтижесінде «Медициналық туризм туралы» заң жобасы Үкіметтің қорытындысына жолданған.
Депутаттар қандай өзгерістер ұсынады
Депутаттық сауалда медициналық туризмді дамытуға арналған бірнеше негізгі бағыт көрсетілген:
- Саланың құқықтық негізін қалыптастыру. Медициналық туризмге қатысты негізгі ұғымдарды, оған қатысушылардың мәртебесі мен жауапкершілігін нақтылау.
- Бірыңғай үйлестіру жүйесін құру. Клиникалар, туроператорлар, қонақүйлер, көлік және басқа да қызмет көрсетушілердің жұмысын байланыстыру.
- Пациенттерге қызмет көрсету сапасын арттыру. Госпитальдық сервисті жетілдіріп, шетелдік пациенттерге көрсетілетін қызметті сүйемелдеуді жақсарту.
- Халықаралық талаптарға сай клиникаларды қолдау. JCI халықаралық аккредиттеуінен өткен медициналық ұйымдарға қолдау көрсету тетіктерін қарастыру.
- Қазақстан медицинасының шетелдегі танымалдылығын арттыру. Kazakh Tourism компаниясын тарта отырып, отандық медициналық қызметтерді халықаралық нарықта жүйелі түрде ілгерілету.
Қазақстанда JCI аккредиттеуінен өткен қанша клиника бар
Депутаттың мәліметінше, Қазақстанда JCI халықаралық аккредиттеуінен өткен 10 медициналық ұйым бар. Бұл аккредиттеу медициналық қызмет сапасы мен пациент қауіпсіздігін бағалауда қолданылатын халықаралық стандарттардың бірі саналады.
Алайда аккредиттеуден өту және оны қайта растау медициналық ұйымдардан елеулі қаржы мен ұйымдастырушылық ресурстарды талап етеді. Сондықтан депутаттар осындай клиникаларды қолдау қажеттігін көтеріп отыр.
Тағы да оқыңыз: Қазақстанда медицинаны табысты салаға қалай айналдыруға болады?