Су саласына 1,13 трлн теңге жетіспейді: министр қаржыны қайдан тартатынын айтты

Қазақстанда су шаруашылығын дамытуға 2027-2029 жылдары қажет қаржы мен жоспарланған бюджет арасында 1,13 трлн теңге айырмашылық бар. Бұл – қажетті қаражаттың шамамен 69%-ы. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жетіспейтін қаржыны қайдан тарту жоспарланып отырғанын айтты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Құрылтай депутаты Шынасыл Ерназар «Су ресурстарын тиімді басқару» бағдарламасын қаржыландыру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, бағдарламаның 2027-2029 жылдарға арналған нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін 1,64 трлн теңге қажет. Алайда қарастырылған қаржы лимиті небәрі 508 млрд теңге.
Су саласына қажетті қаржы қайдан тартылады
Депутат қолда бар қаржы көлемімен министрлік қандай көрсеткіштерге қол жеткізе алатынын және қалған 1,13 трлн теңгені қайдан алу жоспарланғанын сұрады.
Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, 2024 жылы су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары бекітілген. Құжатта саланы қаржыландырудың төрт көзі қарастырылған:
- республикалық бюджет;
- жергілікті бюджеттер;
- жеке инвесторлардың қаражаты;
- халықаралық қаржы институттарының қаржысы.
Министрліктің мәліметінше, қазір осы төрт бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Халықаралық банктер қанша қаржы бөлді
Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, соңғы жылдары Еуропа қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі мен Дүниежүзілік банк арқылы шамамен 350 млрд теңге тартылып, 178 жоба іске асырылып жатыр. Оның бір бөлігі биыл аяқталуға тиіс.
Сонымен қатар министр 2026 жылы Ислам даму банкі арқылы 270 млрд теңге тартылып, 100-ден астам жобаны іске асыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Бұдан бөлек, министрлік Азия даму банкімен және Еуразиялық даму банкімен де қаржыландыру мәселесін пысықтап жатыр.
Бағдарлама толық орындала ма
Министрдің сөзінше, халықаралық қаржы институттарынан қаражат толық көлемде тартылса, бағдарламада көзделген нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізуге болады.
Бағдарламаның негізгі міндеттеріне су шығынын азайту, су шаруашылығы жүйелерін цифрландыру, су қорын жинақтау көлемін арттыру және халықты сумен қамтамасыз етуді жақсарту кіреді.
Тағы да оқыңыз: Солтүстік Арал теңізіне 1,4 млрд текше метр су жіберілді