Жұманғарин елде қанша адам байлардың санатына жататынын айтты

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Жұманғарин елде қанша адам байлардың санатына жататынын айтты
Жұманғарин елде қанша адам байлардың санатына жататынын айтты / фото:shutterstock

Қазақстанда шашамен 522 мың адам ауқатты адамдардың санатына жатады. Бұл туралы Құрылтайда өткен брифингте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Серік Жұманғарин жаңа әлеуметтік көмек жүйесі бойынша қанша қазақстандықтың тұрмысы жақсы әрі ауқатты адамдардың тобына кіретінін айтып берді.

«Қателеспесем, ауқаттылар санатында 522 мың адам бар. 70 мыңнан астамы – «А» санатында, қалғандары – «В» санатына жатады», – деді Ұлттық экономика министрі.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта азаматтарды бұл санаттарға бөлу бойынша талдау жұмыстары жүріп жатыр.

Еске салсақ, Қазақстан әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа үлгісіне көшіп жатыр. Оған сәйкес, мемлекеттік көмек тек шынымен мұқтаж отбасыларға беріледі. Бұл жүйе 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап толық іске қосылады деп жоспарланған.

Елдегі әрбір отбасы «Отбасының цифрлық картасы» арқылы 5 санаттың біріне жатқызылады:

  1. «A» – тұрмыс деңгейі өте жоғары (өте ауқатты);
  2. «B» – тұрмысы жақсы (ауқатты);
  3. «C» – тұрмысы орташа (қанағаттанарлық);
  4. «D» – экономикалық жағынан осал (көмекке мұқтаж);
  5. «E» – экономикалық және әлеуметтік жағынан өте осал (аса мұқтаж).

Егер азаматтар Отбасының цифрлық картасында өзіне берілген санатпен келіспесе, өздері мен отбасы мүшелері туралы мәліметтерді қайта тексеріп шығуға кеңес беріледі. Себебі, жүйедегі бағалауға бұрыннан қалған немесе қолданылмайтын мүлік пен активтер туралы ескірген мәліметтер әсер етуі мүмкін.

Бұған дейін Құрылтай үш жылға арналған бюджет жобасын мақұлдаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз