АҚШ-тың сегіз штаты Open AI-ды сотқа берді

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
openai
Фото: Shutterstock

АҚШ-тың сегіз штаты техноалпауыт OpenAI-ға қарсы сотқа талап арыз берді. Штат прокурорлары ChatGPT иесін балаларға зиян келтірді, ата-аналарды жаңылыстырды және тұтынушыларды алаяқтықтан қорғау туралы заңды бұзды деп айыптап отыр. Бұл туралы Kursiv Media жазады.

14 қазанда Айовада өткен баспасөз мәслихатына Канзас, Небраска, Батыс Вирджиния, Арканзас, Аризона, Айдахо және Монтана штаттарының прокурорлары қатысқан.

«OpenAI балаларға зиян келтіріп, Айова тұрғындарын алдап отыр. Компания ChatGPT қауіпсіз деп мәлімдегенімен, ол қауіпті медициналық кеңестер беріп, адамдарды өзгелерге зиян келтіруге итермелейді және суицид жасауға нұсқау береді. Мұның бәрі қолданушыға өзін жалған дос ретінде көрсеткен кезде болады», – деді Айованың бас прокуроры Бренна Берд. 

Ол  OpenAI қоғамды ChatGPT-дің пайдаланушылардың қауіпсіздігін бірінші орынға қоятын құрал екеніне сендіріп, жаңылыстырды деп есептейді. Прокуратура мәлімдеуінше, ChatGPT  адамға жанашырлық танытқандай көрінеді, бірақ балалар сияқты қоғамның әлсіз топтарына қауіп төндіруі мүмкін. Атап айтқанда, қолданушыларды суицид жасауға немесе басқа адамдарға зиян келтіруге итермелеуі ықтимал.

Бренна Бред дерегінше, ChatGPT жұмысына қатысты бірнеше зерттеу жүргізілген. Олар  адамның сыни ойлау қабілетін әлсіретіп, қорқыныш пен шындыққа жанаспайтын ойларды күшейтуі мүмкін екенін көрсетіп отыр. Сондай-ақ чат-бот кейде денсаулыққа қауіпті кеңес беретін жағдайлар тіркелген. 

Бұл компанияға қарсы алғашқы сот ісі емес. Өткен жылы АҚШ пен Канададағы бірнеше отбасы ChatGPT-пен сөйлескеннен кейін жақындары өз-өзіне қол жұмсағанын айтып, сотқа жүгінген.

Бұған дейін Open AI жасөспірімдерге арналған ChatGPT шығарғанын мәлімдеген. Жаңа жүйе 13 пен 17 жас аралығындағы оқушыларды автоматты түрде танып, оларға қауіпсіз әрі оқуға ыңғайлы режимді ұсынады.

Сондай-ақ оқыңыз