Астанада тұмау мен ЖРВИ өршісе, ауруханалар дайын ба

Жарияланды 15 Қазан 2026 10:17

Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General news бөлімінің аға журналисі a.serikkhan@kursiv.media
Фото: kursiv.media архиві

Астанада тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялардың (ЖРВИ) жаппай таралуына медицина ұйымдарының қаншалықты дайын екені тексерілді. Жаттығулар елорданың емханаларында, жедел жәрдем станцияларында және инфекциялық орталықтарда өтті. Дәрігерлер ауыр респираторлық инфекциямен көп науқас бір мезетте түскен жағдайда қалай әрекет ету керегін пысықтады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Емханада науқастарды қабылдау тәртібі пысықталды

№5 емханада ЖРВИ-мен ауырған науқастардың жаппай келуі мүмкін деген сценарий бойынша жаттығу өткізілді. Медицина қызметкерлері науқастарды алғашқы қабылдау, жағдайының ауырлығына қарай сұрыптау және олардың қозғалыс ағынын бөлу тәртібін пысықтады.

Сондай-ақ дәрігерлер тексеру жүргізу, мәліметтерді медициналық ақпараттық жүйеге енгізу, тұмау мен COVID-19-ға талдау алу жұмыстарын орындады.

Жедел жәрдем ауыр науқастарды ауруханаға жеткізді

Жаттығу сценарийі бойынша жедел жәрдем бригадалары жағдайы ауыр науқастарды инфекциялық ауруханаға жаппай жеткізді. Фельдшерлер науқастың жағдайын ауруханаға жетпей бағалауды, көліктің ішінде алғашқы көмек көрсетуді және науқас туралы ақпаратты қабылдау бөліміндегі дәрігерлерге жедел жеткізуді үйренді.

Екі сағатта 30 науқас түссе, аурухана дайын ба

Жаттығу кезінде науқастарды жаппай қабылдау және медициналық сұрыптау мәселесіне де көңіл бөлінді. Сценарий бойынша екі сағат ішінде ауруханаға 30 адамға дейін түскен жағдайда әрекет ету қарастырылды.

Медицина қызметкерлері науқастарды ауруханадағы бос орындарға қарай орналастыруды, қажет болғанда қосымша инфекциялық бөлімшелер мен төсек-орындарды ашуға дайындықты пысықтады.

Дәрігерлердің қауіпсіздігі де тексерілді

Жаттығудың тағы бір мақсаты – жедел жәрдем, емханалар, ауруханалар мен зертханалардың өзара үйлесімді жұмысын тексеру. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің қорғаныш киімдері мен бетперделерді дұрыс пайдалануына назар аударылды.

Жаттығу аяқталған соң ұйымдастырушылар оның нәтижесін талдап, жіберілген қателер мен әлсіз тұстарды анықтайды. Бұл жұмыстар қыс мезгілінде тұмау мен ЖРВИ өршіген кезде медицина жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуіне және науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге бағытталған.

Айта кетейік, Қазақстанда маусымдық тұмауға қарсы тегін вакцина салу басталды. Бұл мақсатқа 2,1 млн доза вакцина сатып алынған. Оның алғашқы 564 мың дозасы елге жеткізіліп, өңірлерге кезең-кезеңімен жөнелтіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз