Бельгия королі мен патшайымының Алматыдағы бір күні (фото)

Жарияланды 15 Қазан 2026 08:52

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General news бөлімінің журналисі r.mutairov@kursiv.media
фото: belgianroyalpalace

Астанадағы ресми кездесулер аяқталғаннан кейін Бельгия королі Филипп пен патшайымы Матильда сапарын Алматыда жалғастырды. Корольдік жұп қаладағы Ядролық физика институтына, этноауылға және Алматы өнер музейіне барды, деп хабарлайды Kursiv Media.

Бельгиялық технологиямен танысты

Алматыдағы сапардың алғашқы нүктесі Ядролық физика институты болды. Корольдік жұпқа бельгиялық IBA компаниясы жеткізген циклотрон таныстырылды.

Бұл технология медициналық диагностикада, соның ішінде онкологиялық ауруларды анықтауға арналған бейнелеу зерттеулерінде қолданылатын радиоизотоптарды өндіруге мүмкіндік береді.

фото: belgianroyalpalace

Қазақтың ұлттық дәстүрлерін тамашалады

Ғылыми нысанды аралағаннан кейін король Филипп пен патшайым Матильда қазақ халқының көшпелі мәдениетімен танысты.

Мәртебелі меймандарға ат спорты шоуы көрсетіліп, олар атқораларды аралады. Сондай-ақ корольдік жұп дәстүрлі қазақ киіз үйіне кіріп, ұлттық тұрмыс пен мәдени мұра туралы мәлімет алды.

Мемлекеттік сапар Алматы өнер музейінде аяқталды

Бельгия королі мен патшайымының Қазақстанға мемлекеттік сапары Алматы өнер музейінде қорытындыланды.

фото: belgianroyalpalace

Мұнда олар қазақстандық және шетелдік суретшілердің заманауи өнер туындыларын тамашалады. Көрмеде Фернан Леже, Ричард Серра және Яёи Кусама секілді әлемге танымал суретшілердің еңбектері ұсынылған.

Сонымен қатар корольдік жұп Брюссельде тұратын суретші әрі хореограф Ула Сиклдің Clay Bodies атты би қойылымын тамашалады.

фото: belgianroyalpalace

Бұл қойылым Алматы өнер музейі мен Брюссельдегі KANAL-Centre Pompidou мәдени орталығының ынтымақтастығы аясында ұйымдастырылған.

Бельгия корольдік сарайы аталған мәдени жобаны екі ел арасындағы шығармашылық байланыстың көрінісі ретінде бағалады.

Алматыдағы сапар бағдарламасы Қазақстан мен Бельгия арасындағы ғылыми, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ бельгиялық қонақтарды қаланың туристік әлеуетімен таныстыруға бағытталды.

Осылайша корольдік жұптың Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аяқталды.

Оқи отырығыз: Бельгия королі Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге шақырды

Сондай-ақ оқыңыз