Иранда 23 жастағы студент видеолары үшін өлім жазасына кесілді

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Bild

Иранда қаңтар айындағы үкіметке қарсы наразылықтарға қатысып, әлеуметтік желіде жазбалар жариялаған 23 жастағы студент Наджме Амини өлім жазасына кесілді. Бұл туралы Kursiv.Media BILD басылымына сілтеме жасап жазады.

Наджме Аминиді 2026 жылдың басында елдегі жаппай наразылықтардан кейін ұстаған. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, қызды ұстау кезінде ұрып-соққан, кейін жауап алу барысында қысым көрсеткен. Құқық қорғау органдары оның Instagram желісіндегі наразылықтарға қатысты видеолары үшін айыптаған.

Бірақ Амини өзіне тағылған айыптарды мойындамай, Иранның еркін әрі өркендеген ел болғанын көргісі келетінін жеткізген. Ол заңгерлерді, құқық қорғаушыларды және өзге де мамандарды іс материалдарын зерттеуге шақырған. Түрмеден аудиоүндеу жазып, отандастары мен құқық қорғаушылардан өз ісінің әділ қаралуына көмектесуді де сұраған еді.

«Өзімді батыр етіп көрсеткім келмейді. Тек бір нәрсені сұраймын: менің үнімді әлемге жеткізіңіздер», – деген Амини Мешхед қаласындағы Вакилабад түрмесінен жолдаған аудиожазбасында.

Iran Human Rights құқық қорғау ұйымының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы сегіз айында Иранда кемінде 532 адам өлім жазасына кесілген. Олардың арасында наразылықтарға қатысқан 31 адам бар. Бұл санатқа бұған дейінгі шерулерге қатысқандар да кірген.

Еске салайық, 2025 жылдың соңында Ирандағы халық ұлттық валютаның құнсыздануына, елдегі қымбатшылыққа наразылық білдіріп, шеруге шыққан еді.  Жарты айға созылған көтеріліс барысында 2 мыңнан астам адам қаза тапты.

Сондай-ақ оқыңыз