Көлік пен үй сату сайттарында алаяқтардың 1 мыңнан астам аккаунты бұғатталды

Бас прокуратура мен Kolesa Group интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейтіп жатыр. Бірлескен жұмыс аясында азаматтарды алдау үшін ашылған 1 мыңнан астам аккаунт пен хабарландыру бұғатталған, деп жазады Kursiv.Media.
Тараптар интернет-алаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Енді олар ақпаратпен жедел алмасып, қылмыстық істерді тергеуге қажетті мәліметтерді ұсынады. Сондай-ақ алаяқтыққа қатысы бар аккаунттар мен хабарландыруларды бұғаттау шаралары жалғасады.
Бас прокуратура азаматтарды өз аккаунттары мен жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге шақырады. Басқа біреудің өтінішімен аккаунт ашып немесе хабарландыру орналастыру да қауіпті. Егер мұндай әрекет алаяқтыққа көмектесу ретінде бағаланса, аккаунт иесі қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Мұндай қылмыс үшін 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Kolesa Group 30 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан IT-компания. Компанияға Kolesa.kz және Krisha.kz сияқты танымал сервистер кіреді.
Тағы да оқыңыз: Павлодарлық ипотека рәсімдеуге көмектесемін деп 80 млн теңгеге алаяқтық жасаған