Kyzdar Net-тің орнына жаңа интим қызметтер сайты пайда болды

Жарияланды
General News бөлімінің аға журналисі
General news бөлімінің журналисі
«Токалки Бар»: в Казахстане появилась замена Kyzdar Net
коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстанда интим қызметтерді жарнамалайтын жаңа ірі интернет-платформа пайда болды. Мәдениет және ақпарат министрлігі заңсыз ресурстарды тұрақты түрде бұғаттап, құқық қорғау органдары рейдтер жүргізгеніне қарамастан, мұндай қызметтерді ұсынатын сайттар жұмысын жалғастырып жатыр. Бұғатталған Kyzdar Net платформасының орнына «Токалки Бар» атты жаңа ресурс шықты, деп хабарлайды Kursiv Media.

Жаңа сайтта интим қызметтерді ұсынатын анкеталар 64-тен астам бетке орналастырылған. Платформа Қазақстанның барлық дерлік өңірін қамтиды. Атап айтқанда, Алматы, Астана және Шымкент сияқты ірі қалалармен қатар, Шу, Есік секілді шағын қалалар мен аудан орталықтарында да қызмет көрсету туралы хабарландырулар жарияланған.

Сайт пайдаланушылардың қызығушылығын арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер енгізіп жатыр. Мәселен, платформада TikTok пен Instagram Reels форматына ұқсас қысқа видеолар жариялайтын арнайы бөлім ашылған.

скриншот

VPN қолданбай кіруге болады

Жаңа платформаның ерекшеліктерінің бірі – бұғаттауларды айналып өтуге арналған техникалық шешімдер.

Сайт әкімшілігі пайдаланушылар үшін бір реттік динамикалық сілтемелер жүйесін енгізген. Сонымен қатар арнайы Telegram-бот арқылы авторизациядан өту мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жүйе пайдаланушыларға VPN немесе басқа қосымша сервистерді қолданбай-ақ сайтқа кіруге мүмкіндік береді.

скриншот

Жаңа сайтта қандай қызметтер ұсынылады?

Платформа авторлары өздерін бұрынғы Kyzdar Net сайтының баламасы ретінде ашық таныстырады.

«Интим қызметтер мен массаж әлемі өте кең. Алайда бұрын Kyzdar Net платформасында болған бейберекеттіктің орнына тек «Токалки Бар» жүйе мен тәртіп ұсынады. Біз адамдар сенім артатын бренд қалыптастырдық», – делінген сайт сипаттамасында.

Бұдан бөлек, сайт әкімшілігі 2025–2026 жылдарға арналған интим қызметтердің бағасы туралы өз мәліметтерін жариялаған.

скриншот

Платформадағы ақпаратқа сәйкес, ең арзан қызметтердің бір сағаттық құны 15–20 мың теңгеден басталады. Танымал анкеталар бойынша баға 25–45 мың теңге аралығында көрсетілген. Ал VIP санатындағы қызметтердің бағасы сағатына 60 мың теңгеден басталады.

Бұл бағалар сайт әкімшілігінің мәліметіне негізделген және нарықтағы нақты орташа бағаны білдірмейді.

Kursiv ІІМ-ге ресми сауал жолдады

Kursiv Media редакциясы жаңа платформаның қызметіне байланысты Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне ресми журналистік сауал жолдады.

Редакция құқық қорғау органдарынан «Токалки Бар» сайтының қызметіне құқықтық баға беруді, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 309-бабы бойынша қандай жедел іс-шаралар жүргізіліп жатқанын түсіндіруді сұрады.

Сонымен қатар министрлікке сайттың техникалық инфрақұрылымын бұғаттау, қаржылық операцияларды бақылау және платформаның нақты иелері мен пайда алушыларын анықтау бағытында қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы сұрақтар қойылды.

Әзірге жаңа платформаның қызметіне қатысты ІІМ ресми жауап берген жоқ.

Kyzdar Net иелерінен миллиардтаған теңгенің мүлкі табылған

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда интим қызметтерді жарнамалаған Kyzdar Net сайтына қатысты ауқымды қылмыстық іс қозғалған болатын.

Тергеу мәліметінше, сайт интим қызметтерді жарнамалау және жеңгетайлық мақсатында пайдаланылған. Платформада шамамен 9 мың анкета орналастырылған.

ІІМ дерегіне сәйкес, сайттан түскен табыс ұйымдастырушылармен байланысты IT-компанияны дамытуға жұмсалған. Платформаның ай сайынғы айналымы 500 млн теңгеден асқан. Қаржылық операциялардың едәуір бөлігі криптовалюта арқылы жүргізілген.

Тергеу барысында күдіктілердің атына тіркелген 8 компания, 5 пәтер, 6 коммерциялық нысан, 6 коттедж, 10 жер телімі, 6 автотұрақ орны және 11 қымбат автокөлік анықталған.

Сондай-ақ құқық қорғау органдары 144 млн теңге қолма-қол ақша, 1,3 млн доллардан астам қаражат, оның ішінде 300 мың доллардан астам криптовалюта, қару-жарақ, оқ-дәрілер және 150-ге жуық техникалық құрылғы тәркілеген.

Тергеудің алдын ала мәліметі бойынша, платформа 15 жыл жұмыс істеген уақытта 2 млрд теңгеден астам заңсыз табыс әкелген.

Сондай-ақ оқыңыз