«Отбасы банк» ипотека алудың жаңа тетігін іске қосты: енді алты ай күтудің қажеті жоқ

Бүгін, 15 қазаннан бастап «Отбасы банк» құрылыс компанияларымен бірлесіп, ипотекалық несие берудің жаңа тетігін іске қосады. Енді клиенттер бағалау көрсеткішінің ең төменгі деңгейіне жетпей-ақ аралық қарыз ала алады, деп хабарлайды Kursiv.media.
Қолданыстағы талап бойынша бағалау көрсеткіші кемінде 5 болуы керек. Оған жету үшін депозиттегі қаражатты кемінде алты ай сақтау қажет. Ал жаңа тетік осы мерзімді күтпей-ақ пәтер сатып алуға мүмкіндік береді.
Банктің алғашқы серіктесі – BI Group. Компания Астана, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларында 600 пәтер ұсынады. Бұдан бөлек, банк SAT NS және QazaqStroy компанияларымен де келісімдер жасасып жатыр. Олармен бірлескен жұмыстың басталғаны туралы қосымша хабарланады.
Несие берудің негізгі шарттары:
- «Отбасы банктегі» депозитте қарыз сомасының 50%-ына тең қаражат болуы керек;
- аралық қарыз бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 8,5%, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) – 9–9,6%;
- кейін сыйақы мөлшерлемесін жылдық 3,5–5%-ға дейін төмендетуге болады;
- құрылыс компаниясы пәтердің брондалғанын растайтын хат беруі керек.
Алдымен клиент құрылыс компаниясының сату бөлімінен пәтер таңдап, оны брондауы қажет. Содан кейін компаниядан брондауды растайтын хат алады. Осы құжатпен «Отбасы банктің» бөлімшесіне барып немесе менеджермен бейнебайланыс арқылы несие алуға өтініш бере алады.
Тағы да оқыңыз: Отбасы банк шариғат талаптарына сай қаржы өнімдерін ұсынбақ.