Қандай отбасылар ауқаттылар санатына кіреді – министрлік түсіндірді 

Жарияланды
А және В санатына қай отбасы жатады / Фото: Shutterstock

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Отбасының цифрлық картасы» бойынша  А және В санаттарына  қандай  отбасылар жататынын түсіндірді, деп жазады Kursiv.Media.

Бұл санаттарды белгілеу кезінде отбасының табысы, жылжымайтын мүлкі, көлігі, бизнесі мен жер учаскелері ескеріледі. Мәселен, отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыс күнкөріс минимумының жеті еселенген мөлшерінен басталуы мүмкін. 2027 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі 55 173 теңге болса, оның 7 еселенген мөлшері 386 211 теңгеге тең.

Сонымен қатар бір адамға шаққанда ауданы 120 шартты шаршы метрден басталатын бірнеше тұрғын үйдің болуы, люкс санатындағы көліктер, коммерциялық жылжымайтын мүлік, ірі, орта және шағын бизнес, сондай-ақ көлемді жер учаскелері сияқты көрсеткіштер есепке алынады.

Алайда бір пәтердің немесе көліктің болуы отбасының автоматты түрде ауқатты деп танылуына негіз болмайды. Қорытынды отбасының қаржылық және әлеуметтік жағдайын сипаттайтын барлық көрсеткішті бірге бағалау арқылы шығарылады.

Отбасының санаты өмірлік жағдайына қарай өзгеруі мүмкін. Сондықтан мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер жаңартылып, бағалау қайта жүргізіледі.

Азаматтар өздері мен отбасы мүшелері туралы деректерді электрондық үкімет сервистері арқылы тексере алады. Қате анықталған жағдайда тиісті мемлекеттік органға жүгініп, мәліметтерді түзету қажет.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Құрылтай отырысында «Отбасының цифрлық картасына» сай кей азамат ауқаттылар санатына кіріп, жәрдемақыдан қағылатынын айтқан. Азаматтардың әл-ауқаты бес санатқа бөлінеді.

Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап заңнамада көзделген жекелеген мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау кезінде мұқтаждық қағидаты қолданылады. Үкімет тәсіл мемлекеттік көмекті нақты мұқтаж отбасыларға бағыттауға мүмкіндік береді деп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз