Қазақстан мен Әзербайжан Каспий арқылы өтетін цифрлық дәлізді іске қосты

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Қазақстан мен Әзербайжан Каспий арқылы өтетін цифрлық дәлізді іске қосты / Фото:Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Каспий теңізінің түбімен тартылған ұзындығы 380 шақырымдық Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосты, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Жоба Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы цифрлық байланысты нығайтып, Азия мен Еуропа арасындағы деректер алмасуын дамытуға мүмкіндік береді.

Желіні «Қазақтелеком» мен Әзербайжанның AzerTelecom компаниясы бірлесіп салды. Жоба Қазақстанның халықаралық интернет байланысын кеңейтіп, бұлтты сервистер мен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға жағдай жасайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа желі Орта дәліздің цифрлық бағыттағы дамуына серпін береді.

«Бұл – көлік дәлізі ғана емес, мүлдем жаңа дәуірге, цифрландыру кезеңіне тиесілі жаңалық. Бұл ынтымақтастықтың түбегейлі соны форматы, Орта дәліздің цифрлық түрінің жүзеге асырылуы десек болады», – деді Президент.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусиннің айтуынша, жаңа жоба Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы цифрлық көпір ретіндегі рөлін нығайтуға мүмкіндік береді.

Бағдат Мусиннің сөзінше, бұл бастама Қазақстанның халықаралық деректер транзиті нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтіп, елдің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға серпін береді.

«Қазақстан үшін бұл – Азия мен Еуропа арасындағы маңызды цифрлық торапқа айналу жолындағы тағы бір қадам. Жаңа бағыт халықаралық деректер транзитін дамытуға, еліміздегі Деректер орталықтары алқабын (Data Center Valley) өркендетуге және ірі технологиялық компанияларды тартуға қосымша мүмкіндіктер ашады», – деп жазды ол Instagram парақшасында.

«Қазақтелеком» басшысы жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан инженерлерге, теңізшілерге, сүңгуірлерге, кабель төсеушілерге және бірнеше ай бойы жаңа инфрақұрылымды салуға атсалысқан барлық маманға алғыс білдірді.

Кездесу барысында екі ел басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселесін де талқылады. Тараптар өзара тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенін растады. Сондай-ақ Қазақстанның энергетикалық ресурстарын Әзербайжан арқылы тасымалдауды ұлғайту және өнеркәсіп, көлік, логистика мен ауыл шаруашылығындағы бірлескен жобаларды дамыту жайы сөз болды.

Бұдан бөлек, екі ел үкіметтері Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді алмасты. Құжат көлік инфрақұрылымын жетілдіруді, порттар мен теміржолдардың өткізу мүмкіндігін арттыруды және жүк тасымалын цифрландыруды көздейді.

Келісім аясында кедендік және шекаралық рәсімдерді жеңілдету, ақпараттық жүйелерді біріктіру, жүк қозғалысын бақылау және «бір терезе» қағидатын енгізу қарастырылған.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев екіжақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға және қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, осыған дейін Тоқаев Әзербайжанда өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VII саммитінде сөз сөйлеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз