Семейде жаңа туған сәбиді өлтірген ер адам өмір бойына сотталды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Семейде жаңа туған сәбиді өлтірген ер адам өмір бойына сотталды / Фото: freepik

Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қоқыс жәшігінен табылған нәрестенің өліміне қатысты іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Arnapress.kz басылымының хабарлауынша, сәбидің анасы екі жылға сотталса, оның жігіті өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Оқиға ақпан айында болған. Қоқыс контейнерінен сүлгіге оралған нәрестенің денесі табылған. Тергеу барысында 20 жастағы қыздың үйінде жасырын босанғаны, ал оның жігіті баланы көлікпен апарып, қоқыс жәшігіне тастағаны анықталған.

Сот әйелді жаңа туған баласын өлтіргені үшін екі жылға бас бостандығынан айырды. Алайда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылыққа сәйкес, ол жазадан босатылды. Сонымен қатар, әйел кіші сержант шенінен айырылды.

Ал 2000 жылы туған ер адам кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойына сотталды. Ол жазасын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Бұған қоса, ер адам аға лейтенант шенінен айырылды.

Сот мәліметінше, сараптама нәтижелері нәрестенің тірі туғанын, кейін суықтың әсерінен қайтыс болғанын көрсеткен. Айыпталушылар кінәсін мойындамаған.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз