Тоқаев АӨСШК аясында жасанды интеллектіні реттеуді ұсынды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанда өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VII саммитінде жасанды интеллектіні халықаралық деңгейде реттеу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Сондай-ақ ол Азиядағы қауіпсіздікті нығайту үшін превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынды.
Мемлекет басшысы саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке алғыс айтып, Кеңестің халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, АӨСШК-ге мүше елдер Азия құрлығының шамамен 90 пайызын қамтиды, ал ұйым аясында әлем халқының жартысынан астамы өмір сүреді.
Тоқаев қазіргі әлемдегі қақтығыстар халықаралық қауіпсіздік жүйесіне елеулі қауіп төндіріп отырғанын айтты. Оның пікірінше, Азия елдеріне ортақ мәлімдемелермен шектелмей, нақты іс-қимылға көшу қажет.
«Бейбітшілікті шиеленіске дейін орнықтыру керек. Қақтығыстың алдын алу оның салдарын жоюға қарағанда анағұрлым тиімді әрі арзанға түседі», – деді Президент.
Осыған байланысты ол АӨСШК аясында превентивті дипломатия тетігін іске қосуды ұсынды. Бұл бастама қақтығыстардың алдын алуға және мүше мемлекеттердің келісілген әрекеттерін күшейтуге бағытталған.
Мемлекет басшысы Кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру жұмысын жалғастыру қажеттігін де атап өтті. Қазақстан АӨСШК Жарғысының қабылдануын қолдайды. Құжат ұйымның алдағы қызметіне бағыт-бағдар беруге тиіс.
Сонымен қатар Президент жасанды интеллектінің бақылаусыз дамуы мен кибершабуылдардың күшеюіне алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, технологиялық мүмкіндіктер артқанымен, оларды халықаралық құқық аясында реттеу тетіктері әлі де жеткіліксіз.
«Жасанды интеллектінің дамуы адамзаттың оны тиімді бақылау қабілетінен асып түспеуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда ол АӨСШК-нің сенім шаралары жүйесіне жасанды интеллектіні алтыншы өлшем ретінде енгізуді ұсынды. Президенттің пікірінше, цифрлық қауіпсіздік мәселесі де мемлекеттер арасындағы сенімді нығайту жұмысының маңызды бөлігіне айналуға тиіс.