Ыстанбұлда алапат су тасқыны, бір жасөспірім қайтыс болды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Су басқан Ыстанбұл / фото: Haberler.com

Түркияның Ыстанбұл қаласында нөсер жаңбырдан су тасқыны жүріп жатыр. Күшті ағын көшелерді басып, көліктерді ағызып әкеткен. Бір жасөспірім қайтыс болды, деп жазады Kursiv.Media TRT Haber басылымына сілтеме жасап.

Қаладағы нөсер жаңбыр салдарынан жолдарды, жерасты өткелдері мен туннельдерді су басты. Ыстанбұлдағы барлық мектеп жабылды. Су тасқыны кейбір тұрғын үйлер мен кәсіпорындарды басып, көлік қозғалысын қиындатты.

Ыстанбұл губернаторы Давут Гүл тұрғындарға үндеу жасап, алдағы уақытта да жауын-шашын күшейетінін ескертті.

«Құрметті отандастар! Бүгін түнде облыстың барлық аумағында, ал ертең Анадолы бөлігінде жауын-шашын күшейеді деген болжам бар. Жаңбыр кезінде сақтық шараларын сақтауды сұраймыз. Мүмкіндігінше далаға шықпаңыздар және жеке көлікпен жолға шықпаңыздар», – деді ол 14 қазанда.

Губернатор тұрғындарға жертөлелерге және су басу қаупі бар аумақтарға бармауды ескертті. Сондай-ақ шалшық сулардан, өзен арналары мен су басқан жерасты өткелдерінен аулақ болуға шақырды. Көшкін қаупі бар аумақтар мен ондағы ғимараттарға жақындамауды да ескертті.

Қалада бір адам қаза тапқаны хабарланды. 14 жастағы жасөспірім шалшық суды басқан кезде электр тогы соққан. Оны ауруханаға ес-түссіз күйде жеткізген. Алайда дәрігерлердің көмегіне қарамастан, баланы аман алып қалу мүмкін болмады.

Қыркүйекте Непалда су тасқыны болғанын жазған едік. Жойқын тасқыннан қаза тапқандар саны 1,4 мыңнан асты.

Сондай-ақ оқыңыз