Жылау да, эмоция да жоқ: Ақбаян Мұқанғалиева ата-анасының қазасынан әлі бейхабар

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Ақбаян Мұқанғалиева
Ақбаян Мұқанғалиева / фото: ҚР ІІМ

Атырауда ата-анасы мен екі бауырынан айырылған Ақбаян Мұқанғалиева тігін тігіп, жазу-сызуды үйреніп жүр. Оған қазір туысы қамқорлық жасап жатыр. Мұны KursivMedia тілшісіне отбасының туысы Әдемі Шылмағамбетова айтты. 

Сөзінше, Ақбаян ата-анасының қазасы туралы әлі білмейді. 

«Ақбаян туысымыздың үйінде, сіңілім қарап жатыр. Апта сайын психолог пен неврологқа қаратады. Арасында балаларына апарып тұрады. Әке-шешесінің қазасын естірте алмай отырмыз. Дәрігерлер айтпаңдар деген соң, үндемедік», – дейді Әдемі Шылмағамбетова.

Айтуынша, Ақбаян ата-анасы мен бауырларының қайда екенін сұрамаған.

«Балалары «анашым» деп жүгіріп жүр, бірақ Ақбаян жыламайды, эмоциясы жоқ. Дәрігерлер психикалық орталықтан шығарған кезде мидағы бір тамыр байланып қалды деді», – дейді туысы.

Сөзінше, Ақбаян Мұқанғалиеваға бірінші топтағы мүгедектік берілген. 

Туыстарының айтуынша, отбасының Жангелдин ауылындағы қара шаңырағы қаңырап тұр. Жақын арада туыстары барып, қайтыс болғандарға ас беруді жоспарлап қойған.

Төрт адамның өлімі

Атырау облысында 2025 жылдың соңында төрт адам хабарсыз кетті. Содан кейін отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемалиев пен отбасының кенже қызы Ақбаян Мұқанғалиеваның да хабарсыз кеткені айтылып, олар күдікті деп танылды. Арада біраз уақыт өткен кезде екі адамның мәйіті өздері тұрған үйден, тағы екі адамның мәйіті Атыраудағы үй маңынан табылды.

Қылмыстық іс 2026 жылдың мамырында сотқа жетті. Сол кезде 2025 жылдың мамырында Сұлтан Сәрсемәлиевтің қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті пышақтап өлтіргені айтылды. Кейін мәйітін үйдің маңына көміп, жақындары күмәнданбас үшін оның атынан хабарламалар жазып отырған.

Сол жылдың қазанында Жангелдин ауылында тұратын бұрынғы қайын атасы мен енесін де өз үйінде пышақтағаны айтылды. Ол жерді 1 метр 30 сантиметр етіп қазып, екі адамның мүрдесін сол жерге көмеді.

Осыдан кейін бұрынғы әйелі Ақбаян мен қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны ертіп Атырауға барған. Қалада қайын апасы Мейрамгүлді де пышақтап өлтіріп, мәйітін Наурыздың жанына көмген. Жасаған қылмысын мойындаған Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына сотталды. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Сондай-ақ оқыңыз