200 адам үкімет жәрдемақысынан бас тартқан

Қазақстанда 200 адам әлеуметтік көмекке мұқтаж емес екенін айтып, жәрдемақы алудан бас тартқан. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізген премьер-министрі Олжас Бектенов осылай мәлімдеді, деп жазады Kursiv.Media.
Енді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жәрдемақыдан ерікті түрде бас тарту сервисін онлайн жасап, Egov қосымшасынан орындауға болатын жобаны таныстырды. Оның көмегімен тұрмысы жоғары азаматтар мемлекеттік органдарға бармай-ақ, онлайн режимде төлемдерден өз еркімен бас тарта алады.
Премьер-министр тапсырмасымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыс тобы өңірлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар министрлік пен әкімдіктер әл-ауқаты жоғары санатқа жатқызылған отбасылардың жағдайын қосымша тексеріп, олардың әлеуметтік-экономикалық ахуалын нақтылауда. Бұл жұмыс азаматтардың әл-ауқатын әділ бағалап, тиісті санатқа дұрыс жатқызу үшін жүргізіледі.
2026 жылы 464 мыңнан астам отбасының әл-ауқаты жақсарды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі ауқатты отбасылар жайлы да мағлұмат берді. Ведомство дерегінше, қазір «Отбасының цифрлық картасы» 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйенің деректерін біріктіреді. Онда 20 млн-нан астам азамат пен 6,2 млн үй шаруашылығы туралы мәлімет бар. Азаматтардың нақты тұрмыс жағдайын бағалау үшін деректерді жергілікті атқарушы органдар тексереді.
Карта есептеуі арқылы 2026 жылдың басынан бері 464 158 отбасы әл-ауқаты жоғары санатқа ауыстырылды. Ал 2025 жылы мұндай отбасылардың саны 480 355 болған.
Сонымен қатар әлеуметтік төлемдерді оңтайландыру мәселесі қаралды. Реформа аясында әл-ауқаты жоғары азаматтарға арналған 36 әлеуметтік жәрдемақы түрінің 14-іне қатысты өзгерістер енгізіледі. Қалған 22 түрі бойынша төлем тәртібі өзгеріссіз қалады.
Министрлік көмекке мұқтаж азаматтар үшін мемлекеттік қолдаудың қазіргі тәртібі толық сақталатынын атап өтті.
Оқи отырыңыз: Қандай отбасылар ауқаттылар санатына кіреді – министрлік түсіндірді