Аялдамаға есірткі дүкенін жарнамалайтын QR-код жапсырған әйел ұсталды

Алматыда аялдамаға есірткі сататын интернет-дүкенді жарнамалайтын стикерлер жапсырған әйел ұсталды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Алматы қалалық полиция департаменті хабарлауынша, күдікті аялдамаға QR-коды бар төрт қағаз жапсырып үлгерген. Одан бөлек, әйелдің жанынан тағы 116 стикер, ұнтақ тәрізді зат салынған екі түйіншек және ұялы телефон табылған.
«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәркіленген заттар сараптамаға жіберілді. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауға алынды», – деп хабарлады полиция департаменті.
Сондай-ақ, полиция тұрғындарды белгісіз QR-кодтарды сканерлемеуге және осындай жарнамалық жапсырмаларды байқаса, құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырды.
Еске салайық, 14 қазанда Қазақстанға кіретін «Қордай» шекара бекетінен өтпек болған әртіс көлігінен есірткі заттары табылған. Осыған байланысты контрабанда жасауға әрекеттенді деген күдікпен қылмыстық іс қозғалып, Наваи Бакиров уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы оқиғадан кейін рэпердің 14 қазанда Астанада өтуі тиіс болған концерті кейінге қалдырылмай, мүлде тоқтатылды.