Басшының ЭЦҚ-сын есепшіге беруге тыйым салынады: ереже бұзғандарға айыппұл салынады

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: kursiv.media

2026 жылдың шілдесінен бастап электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалану тәртібі «Цифрлық кодекспен» реттеледі. Енді басшының ЭЦҚ-сын бухгалтерге беруге, тіпті өзара келісім болса да, қатаң тыйым салынады. Ережені бұзған екі тарапқа да ірі көлемде айыппұл қарастырылған, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Заң бойынша ЭЦҚ-ны басқа адамға бергені үшін жеке тұлғаларға – 43 250 теңге, шағын бизнеске – 64 875 теңге, орта бизнеске – 129 750 теңге, ал ірі бизнеске 648 750 теңге айыппұл салынады.

Ал басқа біреудің ЭЦҚ-сын пайдаланғандарға жаза бұдан да қатаң. Атап айтқанда, жеке тұлғалар – 216 250 теңге, шағын бизнес – 432 500 теңге, орта бизнес – 648 750 теңге, ал ірі бизнес 865 000 теңге айыппұл төлейді.

Сонымен қатар кілттің қорғалуын қамтамасыз етпеген сертификат иелеріне де 216 250 теңге айыппұл қарастырылған. Тіпті нотариалды сенімхаттың өзі басқа адамның ЭЦҚ файлын қолдануға құқық бермейді.

Компания жұмысы тоқтамауы үшін заңды балама жолдар бар. Бухгалтер құжаттарға өзінің жеке ЭЦҚ-сымен қол қоюға тиіс.

Ол үшін заңды тұлғалардың бухгалтері Ұлттық куәландырушы орталық арқылы «Қол қою құқығы бар қызметкер» санатымен өтінім береді. Бейнеидентификациядан өткен соң, өтінімді басшы өзінің жеке кабинетінде растайды.

Ал жеке кәсіпкерлер бухгалтерге өкілеттікті нотариалды сенімхат арқылы немесе салық жүйесінде электронды түрде бере алады. Электрондық шот-фактуралар жүйесінде де басшы алғашқы тіркеуден өтіп, қызметкерлерге сенімхат арқылы рұқсат береді.

Бұған дейін ЭЦҚ арқылы жеке кабинетке кіру тәртібі өзгерген.

Сондай-ақ оқыңыз