Дала дәмі: Алматыда демалыс күндері ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media архиві

Осы демалыс күндері Алматының алты ауданында «Дала дәмі» республикалық акциясы аясында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтары көкөніс, жеміс-жидек, ет және сүт өнімдерін, сондай-ақ басқа да азық-түлікті қолжетімді бағамен сатып ала алады. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.

Жәрмеңкелерге Алматыдан, Алматы облысынан және Қазақстанның өзге өңірлерінен 330 фермерлік шаруашылық пен тауар өндіруші қатысады. Сатып алушыларға 1 000-нан астам түрлі тауар ұсынылады. Олардың қатарында ет, сүт өнімдері, жұмыртқа, бал, көкөніс, жеміс-жидек және нан-тоқаш өнімдері бар.

Жәрмеңкелер қайда өтеді

Жәрмеңкелер сенбі және жексенбі күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.

Сауда орындары қаланың алты ауданында орналасқан:

  • Бостандық ауданы – «Қазақфильм» шағынауданы;
  • Әуезов ауданы – Рысқұлов көшесі, 33/2;
  • Медеу ауданы – Меңдіқұлов пен Бектұров көшелерінің қиылысы;
  • Алмалы ауданы – Масанчи көшесінде, Әйтеке би мен Гоголь көшелерінің аралығы;
  • Жетісу ауданы – «Құлагер» шағынауданы;
  • Түрксіб ауданы – Рысқұлов пен Айтықов көшелерінің қиылысы.

Жәрмеңке алаңдары жаңартылып жатыр

Қалада ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне арналған сауда орындары да жаңғыртылып жатыр. Алғашқылардың бірі болып «Қазақфильм» шағынауданындағы алаң жаңартылды. Мұнда 112 сауда орны, сауда павильондары және фудкорт аймағы жабдықталған.

Еске салайық, өңірлік жәрмеңкелер Астанада да әр демалыс сайын 25 қазанға дейін ұйымдастырылады. Келесі жәрмеңкелердің кестесі:

  • 17-18 қазан – Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ұлытау облыстары;
  • 24-25 қазан – Қарағанды және Қостанай облыстары.
Сондай-ақ оқыңыз