Қазақстанның қай облыстары Ресеймен тығыз сауда жасайды (карта)

2026 жылдың қаңтар-тамызында Ресей Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі болып қалды. Алайда оның экспорт пен импорттағы үлесі айтарлықтай ерекшеленеді: Қазақстан экспортының 8,5%-ы Ресейге бағытталса, импорттың 31%-ы осы елден келген. Kursiv.Media еліміздің өңірлері көрші елмен қаншалықты тығыз сауда жасайтынын талдап көрді.
🇷🇺 СЫРТҚЫ САУДА · ЕЛ × ӨҢІР
Ресей: өңірлер экспортындағы үлесі
2026 · қаңтар–тамыз · Қазақстан бойынша 8.5% · Ресей экспорты $5,13 млрд
Экспорт бойынша Ресейге тәуелділігі жоғары өңірлердің қатарында Түркістан облысы көш бастап тұр: облыс экспортындағы Ресейдің үлесі 49%-ға жеткен. Бұл өңірден көрші елге негізінен ауыл шаруашылық өнімдері сатылады.
Қарағанды облысында бұл көрсеткіш – 37%, Жетісуда – 34%, Қызылорда облысында 31%, Қостанай облысында 26%-ды құрайды. Алматы қаласы экспортының 24%-ы Ресейге кетеді. Ал Атырау, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында Ресейдің үлесі 1%-ға да жетпейді.
Импортқа қатысты жағдай мүлде басқа. Бірқатар өңір Ресейден келетін тауарларға едәуір тәуелді. Солтүстік Қазақстан облысында Ресей импортының үлесі – 62%, Абай облысында – 61%, Шығыс Қазақстан облысында – 60%, Батыс Қазақстан облысында – 56%, Павлодар облысында 55% болған.
🇷🇺 СЫРТҚЫ САУДА · ЕЛ × ӨҢІР
Ресей: өңірлер импортындағы үлесі
2026 · қаңтар–тамыз · Қазақстан бойынша 31% · Ресей импорты $13,2 млрд · 5 өңірде 50%-дан жоғары
Ақтөбе облысы мен Астанада Ресей импортының үлесі – 48%-дан, Қарағанды облысында – 43%, Ақмола облысында 42% болды. Ең төмен көрсеткіш Жетісу облысында тіркелген – 4,5%.
Жалпы алғанда, қаңтар-тамызда Қазақстанның Ресейге экспорты 5,13 млрд долларды құраса, ал Ресейден импорт 13,2 млрд доллар болды. Яғни Ресеймен саудада импорт көлемі экспорттан шамамен 2,6 есе көп. Бұл әсіресе елдің солтүстік, шығыс және батыс өңірлерінде Ресей тауарларының үлесі жоғары екенін көрсетеді.