Ескі көліктерді утилизациялау қашан басталады – министрлік түсіндірді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Серікжан Қобыланбаев

Қазақстанда ескі көлігін тапсырып, жаңа көлік сатып алуға жеңілдік сертификатын алғысы келетін азаматтар әзірге өтінім бере алмайды. Экология және табиғи ресурстар министрлігі тиісті бұйрықтың қабылдануы бағдарламаның іске қосылғанын білдірмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Министрліктің түсіндіруінше, қазір ескі көліктерді қабылданбайды.

Бағдарлама неге әлі басталған жоқ

Бағдарламаға қатысты ақпараттың таралуына Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 6 қазандағы № 252 бұйрығы себеп болған. Құжатта ескі көліктерді утилизацияға тапсырғанын растайтын құжаттарды беру және жеңілдік сертификаттарын ұсыну тәртібі белгіленген. Алайда министрлік бұйрықтың күшіне енуі мен ескі көліктерді қабылдау бағдарламасының басталуы екі бөлек екенін атап өтті.

«Аталған бұйрықтың қабылдануы бағдарламаның нақты іске қосылғанын және автокөліктерді кәдеге жаратуға қабылдау басталғанын білдірмейді», – делінген ведомство хабарламасында.

Бұйрық 2026 жылғы 25 қазанда күшіне енеді. Дегенмен бұл уақытта да ескі көліктерді қабылдау немесе жеңілдік сертификаттарын беру басталмайды.

Қабылдау қашан басталады

Қазір «Жасыл даму» АҚ пайдаланудан шыққан көліктерді қабылдап, кейін кәдеге жарататын қайта өңдеу кәсіпорындарын іріктеп жатыр.

Министрліктің мәліметінше, қажетті рәсімдер аяқталып, тиісті шарттар жасалғаннан кейін бағдарламаға қатысу талаптары, іске қосылу мерзімі және қабылдау пункттерінің мекенжайлары жарияланады.

Әзірге ескі көлікті тапсырып, жеңілдік сертификатын алуға болатын нақты күн белгіленбеген. Сондықтан азаматтарға бағдарламаның басталғаны туралы ақпаратты Экология министрлігі мен «Жасыл даму» АҚ-ның ресми ресурстарынан тексерген жөн.

Тағы да оқыңыз: Ескі көлікті кәдеге жарату үшін берілетін жеңілдіктердің мөлшері анықталды.

Сондай-ақ оқыңыз