«Көлік тола сыра»: сәбилі келіншекті қағып, қашып кеткен жүргізуші жайлы не белгілі

13 қазанда Қызылордада көлік рөлінде отырған ер адам жол жиегінде кетіп бара жатқан сәбилі келіншекті қағып кеткен. Бірақ кері бұрылмастан, оқиға орнынан ізін суытады. Ал әлі бірге толмаған сәби қайтыс болды, 25 жастағы келіншек ауыр халде ауруханада жатыр. Жәбірленушінің туыстарының сөзінше, жол апатынан кейін үш күн өтсе де, күдікті әлі ұсталмай отыр. Толығырақ Kursiv.Media материалында.
Сол күні 25 жастағы Наргиз алты айлық ұлын көтеріп серуендеуге шыққан. Бір қолына баласын ұстап, бір қолымен арбасын итеріп Өтегенов көшесінің бойында келе жатады. Наргиздің қайын әпкесі Мөлдір Жаңбырбайдың сөзінше, қатты жылдамдықпен келе жатқан Mitsubishi Lancer көлігі Сағынбаев көшесімен бұрылады. Сол бұрылған сәтте кері бағытқа шығып кетіп, сәбилі келіншекті қағады.
«Келінім мен бауырымыз 3-4 метрге дейін ұшып кетеді. Келінім арыққа барып құлаған, сәби көшенің ортасына түскен. Басы жарылған, сүйегі ашылып кеткен. Дәрігерлер келді, бірақ жарақат ауыр болып жүріп кетті», – дейді Мөлдір Жаңбырбай.
Наргиз ауруханада, жансақтау бөлімінде жатыр. Өте қатты шок алған, бас сүйегі зақымдалған. Машина қаққан сол жақ тұсы, иығы, өкшесі сынған.
«Жарақаттары өте ауыр, қатты шок алған. Бір рет қана есін жиғандай болды. Бірақ сандырақтап жатыр, сол үшін де дәрігерлер дәрі салып, ұйықтатып тастап жатыр», – деді Мөлдір.
«Жалаң аяқ қашқан»
Алдын-ала мәлімет бойынша, сәбилі келіншекті қаққан Алексей Великов есімді азамат. Ол оқиға болған жерге көлігін тастап кеткен көрінеді. Жәбірленуші туыстарының сөзінше, көліктен ондаған сыр бөтелкесі, күдіктінің аяқ киімі табылған.
«Құзырлы органдарда оның туыстары, отбасы туралы толық мәлімет бар. Бірақ еш нәтиже жоқ, үш күннен асып кетті. Бір-екі күн күттік басында, болып қалар деп. Сол үшін де дабыл қағып жатырмыз. Бүгін таңертең Ақсай полициясынан хабарласып қалаға келіп кеткен екен, бірақ ұстай алмай қалдық дейді. Кіріп-шыққанын білсе, неге ұстамайды? Ол сонда еркін келіп, кетіп жүре ме? Осыған күйініп, журналистерге шығып отырмыз», – дейді Мөлдір Жаңбырбай.
Желіде осы іске қатысты тарап жатқан ақпараттарға сүйенсек, күдікті Великов 25 жаста. Осыған дейін де істі болған деген мәлімет бар, бірақ полиция оның сотталмағанын айтады.
Мөлдір Жаңбырбайдың өзі 2023 жылы тұңғыш рет каратэден өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған, кәсіби спортшы. Енді құзырлы органдардан күдіктіні тезірек табуға көмек сұрайды.
Бұл іс туралы Kursiv.Media осыған дейін де жазған еді. Облыстық полиция департаменті іздеу жүріп жатқанын хабарлады, бірақ күдіктінің қайда жүргені әлі белгісіз.