Мұраға қалған ипотека: банкке кім және қанша төлеуге міндетті

Адам қайтыс болғанда, оның артында қалған мүлкі ғана емес, ипотекасы мен несиесі де мұрагерлеріне өтеді. Жылжымайтын мүлік нарығында ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі- ипотекалық несие беруші көз жұмған жағдайда қарыз қалай жабылады? Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) осы мәселе төңірегінде ресми түсініктеме берді.
Адамның артында қарызы қалады
Азаматтық кодекске сәйкес, мұра құрамына қайтыс болған адамның мүлкімен бірге оның мүліктік құқықтары мен міндеттері де кіреді. Тұрғын үй несиесі бойынша міндеттемелер борышкер қайтыс болды деген себеппен өздігінен тоқтатылмайды.
Егер туыстары пәтерді мұраға алса, олардың мойнына ипотека бойынша қарызы да жүктеледі. Бұл ретте жылжымайтын мүлік міндеттеме толық орындалғанша банкте кепілде қала береді. Егер мұрагерлер мүлікті қабылдап, бірақ төлем жасаудан қашса, банк қарызды мәжбүрлі түрде өндіріп алуға құқылы.
Мұраны қабылдаған тұлғалар жауапты борышкерлерге айналады. Қаржы ұйымы қарызды олардың кез келгенінен талап ете алады. Осы орайда басты ескеретін жайт — мұрагердің жауапкершілігі өзіне тиген мүліктің нарықтық құнынан аспайды.
Егер мұрагерге тиген мүліктің құны ипотеканың қалған қарызынан аз болса, ол бұл айырмашылықты өзінің жеке қаражатынан төлеуге міндетті емес.
Сонымен бірге, банктер өз талабын мұрагерлерге ғана емес, өсиетті орындаушыға немесе мұраны сенімгерлікпен басқарушыға да қоя алады. Ал мұрагерлер пәтерді қабылдап, оны тіркеуден қашса, банк тіркеуді сот арқылы мәжбүрлеп жүргізуді талап етуге құқылы.
Мұраны рәсімдеу кезеңінде пайыз есептеле ме?
Заң бойынша мұраны қабылдауға 6 ай уақыт беріледі. Осы кезеңде банктер мынадай жеңілдіктерді қарастыруы тиіс:
- Несие бойынша сыйақы (пайыз) есептеуді уақытша тоқтату;
- Айыппұл, өсімпұл мен басқа да төлемдерді шегере тұру.
Бірақ бұл пайыздың автоматты түрде тоқтатылатынын білдірмейді. Банк заңды мұрагерлер анықталғанша бұл мәселені арнайы қарап, шешім қабылдауға міндетті. Ал мұра толық рәсімделгеннен кейін ипотека бұрынғы кесте бойынша төленуі тиіс.
Банк қарызды ерте жап деп талап ете ала ма?
Борышкердің қайтыс болуы банкке ипотеканы мерзімінен бұрын толық жабуды талап етуге құқық бермейді. Бұндай талап тек заңда немесе несие шартында арнайы көрсетілген айрықша жағдайларда да қойылуы мүмкін.
Мұрагері жоқ болса…
Егер қайтыс болған адамның артында мұрагерлі болмаса, олар мұрадан бас тартса немесе мұра алу құқығынан айырылса мүлік иесіз деп танылады.
- Мұндай баспана орналасқан жері бойынша жергілікті коммуналдық меншікке өтеді.
- Мүліктің коммуналдық меншікке өтуі банктің талап қою құқығын жоймайды. Қаржы ұйымы заң шеңберінде өз талаптарын білдіре алады.
- Егер ипотека шартында қосалқы борышкер болса, олардың міндеттемелері келісімшартта көрсетілген көлемде толық сақталады.
- Кепілгерлер мен кепілдік берушілердің міндеттемелері, егер келісімшартта немесе заңда өзгеше қаралмаса, негізгі міндеттеменің тоқтатылуымен бірге жойылады.
Биыл 6 айда Қазақстанның банк секторында қызық тенденция байқалған: халыққа берілетін жалпы несие көлемі азайғанымен, ипотека нарығы қарқынды өсті. Нарықтағы бұл өсімнің негізгі қозғаушы күші – тек мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламалар мен «Отбасы банк».