Николас Мадуро саяси қарсыластарын азаптады деп айыпталып отыр

Нью-Йоркте Венесуэланың бұрынғы президенті Николас Мадуро мен оның жұбайы Силия Флореске қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Прокурорлар экс-басшыға саяси қарсыластарын азаптады деген жаңа айып тақты, деп жазады Kursiv.Media.
Сот отырысына ерлі-зайыптылар түрме киімін киіп, аяқтарына кісен салынып, бірақ қолдары кісенсіз келді. Николас Мадуро тағылған айыптардың жалған екенін мәлімдеді. Силия Флорес те өзіне тағылған кінәні мойындамайтынын айтып, толықтай жоққа шығарды.
Америкалық прокурорлардың айыптау қорытындысына сәйкес, Николас Мадуро саяси оппоненттерін қуғындау жүйесін басқарған. Тергеу мәліметтері бойынша, бұл жүйеде тұтқындарды ұрып-соғып, тұншықтырып, электр тоғымен азаптаған. Зардап шеккендердің арасында АҚШ-тың үш азаматы да бар. Сондай-ақ тергеу Мадуроның азаптау тәсілдерін өзі ұсынғанын, тұтқындардың жағдайын бақылап отырғанын және қысым көрсету үшін ұсталғандардың бірінің баласын өлтірем деп қорқытқанын алға тартады. Ал оның жұбайы осындай репрессивті жүйені құруға көмектесіп, жекелеген адамдарды азаптауға бұйрық берді деп айыпталып отыр.
Егер ерлі-зайыптылардың кінәсі барлық тармақ бойынша дәлелденсе, оларды кемінде 50 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске салайық, 2026 жылы қаңтарда АҚШ-тың арнайы қызметі Венесуэлада операция жүргізіп, Мадуро мен оның жұбайын ұстап, тікұшақпен Нью-Йоркқа алып кетті. Операция барысы туралы Трамп мәлімдеген. Мадуроға «есірткі терроризмі», кокаин сату, сондай-ақ «АҚШ-қа зиян келтіру үшін» қару-жарақ пен жарылғыш заттарды ұстады деп айып тағылды.
Оқи отырыңыз: Түрмедегі Николас Мадуро немерелеріне сәлем жолдады