Қазақстандықтар 9 айда қандай компаниялардың акцияларын сатып алды

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Қазақстанның бағалы қағаздар нарығы 2026 жылдың 9 айында айтарлықтай жандана түсті. Жыл басынан бері Қазақстан қор биржасындағы (KASE) негізгі индекске енетін он ірі компанияның жетеуінің акциясы қымбаттаған. Ал биржадағы акциялар нарығының жалпы құны (капитализациясы) 23,1%-ға өсіп, 48,0 трлн теңгеге (109,3 млрд доллар) жетті.

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша ең жоғары өсімді мұнай-газ саласының алыптары көрсетті. Көш басында «ҚазМұнайГаз» тұр. Компанияның жай акциялары 64,8%-ға бір-ақ секіріп, бір акция бағасы 35 800 теңгеге жуықтады.

Бұған өндірістік табыстың артуы себеп болды: жылдың алғашқы жартысында компанияның таза пайдасы 69,1%-ға өсіп, 903,8 млрд теңгені құрады.

Екінші орында – «ҚазТрансОйл». Серіктестік акциялары 37,4%-ға қымбаттады (1 305 теңге). Компания алты айда таза пайдасын 33,4%-ға өсіріп, 29,4 млрд теңгеге жеткізген.

Қаржы және технология секторындағы компаниялар да тоғыз айды оң нәтижемен аяқтады.

Себебі бұл бағыттағы компаниялардың да көрсеткіштері жоғары болды. Kaspi.kz акциялары 6,2%-ға өсіп, 42 880,78 теңгеге жетті. Оның үстіне компания екінші тоқсан үшін әр акцияға 1 000 теңгеден дивиденд төлеуге шешім қабылдады. Одан кейін «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының жай акциялары 4,7%-ға қымбаттап, 29 380 теңгені құрады.

Ал «Банк ЦентрКредит» бағасы 4,0%-ға артып, 4 845,99 теңгеге дейін көтерілді. Өз кезегінде «Қазақтелеком» акциялары 2,7%-ға өсіп, 44 548,01 теңгеге жетті. Сондай-ақ Қазақстан Халық Банкінің (Halyk Bank) акциялары 1,3%-ға өсіп, 376,30 теңге болды. Банк ұжымы акционерлерге 2025 жыл үшін бір акцияға 28,09 теңгеден дивиденд бөлді.

Дегенмен нарықта бағасы төмендеген компаниялар да бар. Алдымен «KEGOC» акциялары 2,4%-ға арзандады. Одан кейін «Кселл» көрсеткіші 6,5%-ға төмендеді. Ал ең «Эйр Астана» акциялары биыл 26,4%-ға арзандап кетті.

Қарапайым халықтың белсенділігі артты

Тоғыз айда акциялар секторындағы сауда-саттық көлемі 292,0 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға өсті. Ең қызығы – бұл сауда-саттықтың жартысынан астамын (51,7%) қарапайым азаматтар, яғни жеке инвесторлар жасаған. Брокерлік ұйымдардың үлесі 18,0%-ды, ал шетелдік инвесторлардың қатысуы 10,0%-ды құрады.

Жалпы, KASE Индексі жыл басынан бері 10,9%-ға өсті. Тіпті 28 тамызда биржа тарихындағы ең жоғары рекорд көрсеткіш (8 131,71 тармақ) тіркелді. Оның ішінде отандық инвесторлар ең көп саудалаған актив – «Қазақстан Халық Банкінің» акциялары (45,8 млрд теңге).

Шетелдік акциялар: инвесторлар не сатып алды?

Халықаралық алыптардың акциялары сатылатын KASE Global секторында сауда көлемі 2,4 есеге өсіп, 232,9 млрд теңгеге жетті.

Қазақстандықтар тарапынан ең үлкен сұранысқа ие болған үш шетелдік актив:

  1. ProShares Bitcoin Strategy ETF (Криптовалюта қоры) – 28,1 млрд теңге;
  2. Intel Corporation (Чип жасаушы алып) – 25,7 млрд теңге;
  3. Advanced Micro Devices (AMD) – 21,5 млрд теңге.

Бұл секторда да қарапайым жеке инвесторлардың үлесі жоғары: сауданың 30,0%-ы соларға тиесілі болды.

Жақында қор биржасы 2026 жылғы 4 қарашадан бастап индексті есептеу үшін қолданылатын акциялардың жаңа тізімін бекіткен. Алайда индекс құрамындағы компаниялар өзгеріссіз қалды.

Сондай-ақ оқыңыз