Rolls-Royce-тен баспанасы жоқтарға дейін: министр кімнің қай санатқа жататынын айтты

Қазақстандықтар жаңа жылдан бастап табысына қарай А, В, С, Д және Е деген бес санатқа бөлінеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев азаматтардың санаттарға қалай бөлінетінін түсіндірді.
Айтуынша, республикалық бюджеттен төленетін 36 жәрдемақының 22-сі өзгеріссіз төлене береді.
Ал жәрдемақы тағайындау барысында бір мекенжайға тіркелген отбасы мүшелері, туыстары және бірге тұратын басқа адамдар да есепке алынады.
«А» санаты
«А» санатына елдегі ең ауқатты отбасылар – ірі бизнес, агрохолдингтер мен жылжымайтын мүлік иелері кіреді. Елде мұндай 329 мың үй шаруашылығы бар. Бұл – үй шаруашылықтарының жалпы санының 5 пайызы.
Мұндай отбасының табысы бір адамға шаққанда 356 мың теңгеден басталады. Ал бірнеше тұрғын үйінің жалпы ауданын отбасы мүшелеріне бөлгенде әрқайсысына кемі 120 мың шаршы метрден келеді.
«Коммерциялық жылжымайтын мүлкі, ірі бизнесі және люкс санатындағы автокөлігі, оның ішінде Ferrari, Rolls-Royce, Lamborghini, Bentley, Porsche, Maybach, Maserati, Aston Martin, McLaren, Lotus, Rivian көлігі барлар әл-ауқаты жоғары деңгейдегі отбасыға жатады», – деді министр.
Демек «А» санатына Forbes тізіміндегі адамдар, ірі бизнес иелері, елеулі мүлкі мен ауыл шаруашылығы активтері бар адамдар кіреді.
«В» санаты
Министрдің айтуынша, отбасыны бұл санатқа жатқызу үшін кемінде екі критерийге сай болуы қажет.
«Мұнда бір адамға шаққандағы табыс 305-тен 356 мың теңге аралығында болуы керек. Сондай-ақ бірнеше жылжымайтын мүлік, премиум санаттағы автомобилі (Mercedes-Benz, BMW, Audi, Lexusи Genesis, Тoyota Land Cruiser) болуға тиіс.
Олардың қатарында жеке және квазимемлекеттік сектордың топ-менеджерлері, жоғары жалақы алатын мамандар, кәсіпкерлер мен үлкен активтердің иелері бар», – деді министр.
«В» санатына 1 миллион 50 мың үй шаруашылығы кіреді. Бұл жалпы санының 15%-ы.
«С» санаты
Отбасының жалпы табысын бір адамға шаққанда 203 мыңнан 305 мың теңгеге дейін келсе, отбасы «С» санатына кіреді. Бұл жерде отбасының екі немесе одан да көп мүшесінің жұмыспен қамтылғаны, жеке тұрғын үйі мен автокөлігінің болғаны, жеке кәсіпкерлікпен немесе шағын бизнеспен айналысатыны ескеріледі.
Елде мұндай 2,8 млн үй шаруашылығы бар. Бұл жалпы санының 45%-ы. Бұл отбасыға талқыланып жатқан 14 төлем бойынша шектеу болмайды, яғни жәрдемақы беріледі.
«Д» санаты
Ал кедейлік шегінде тұрған отбасылар «Д» санатына кіреді. Мұнда еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыссыз болуы, мерзімі өткен несие берешегінің болуы және тұрғын үймен қамтамасыз етілмегені рөл ойнайды.
Отбасыда бір адамға шаққандағы табыс шамамен 51-102 мың теңгені құрайды.
Елде мұндай 1,8 млн үй шаруашылығы бар, бұл жалпы санының 29%-ы.
«Е» санаты
Бұл санатқа табысы жоқ немесе табысы кедейлік шегінен төмен, несие бойынша мерзімі ұзақ уақытқа кешіктірілген берешегі бар, еңбекке қабілетті отбасы мүшелері немесе жеке баспанасы жоқ отбасылар жатады.
Олардың қатарында қарт адамдар, мүгедектігі бар адамдар және асыраушысынан айырылған отбасылар бар. Барлығы 212 мың үй шаруашылығы бар, жалпы санының 3%-ы.