С, Д және Е санатына кімдер кіреді – министрлік түсіндірді

Қазақстанда орташа табысы бар отбасылар жаңа жылдан бастап «С» санатына кіреді. Еңбек министрлігі ақпаратына сәйкес, мұндай отбасы мүшелерінің тұрақты жұмысы, пәтері және бір автокөлігі болуы мүмкін.
Отбасының жалпы табысы әр адамға шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем дегенде 4-5 есе жоғары болса, отбасы «С» санатына кіреді. 2026 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңге. 2027 жылы ең төменгі күнкөрiс деңгейi 55 173 теңге болады. Демек, «С» санатына кіретін отбасыда әр адамға 220 692 – 275 865 теңгеден келеді. Сондай-ақ отбасының қымбат мүлкі мен бизнесі болмауға тиіс.
Ал «Д» санатына кіретін отбасының әр адамға шаққандағы табысы 55 173 – 110 346 теңге болады.
«Табысы кедейлік шегінен төмен, тұрақты жұмысы жоқ, несие бойынша мерзімі өткен берешегі бар, жеке тұрғын үйі жоқ, мүлкі мен жинағы жоқ отбасы “Д» санатына кіреді”, – деп түсіндірді министрлік.
«Е» санатына мемлекеттен қолдауды қажет ететін отбасылар кіреді. Отбасының бір мүшесіне шаққандағы табысы кедейлік шегінен едәуір төмен, тұрақты жұмысы және тұрғын үйі жоқ, мүлкі мен жинағы жоқ, несие бойынша мерзімі өткен берешегінің болуы қосылып, отбасы «Е» санатына қосылады.
Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын халықтың үлесі 4,8%-ға жетті.
Елдің 20 өңірінің тоғызында кедейлік деңгейі орташа республикалық көрсеткіштен жоғары. Жағдай мына облыстарда тым күрделі:
- Түркістан облысы – 8,4%;
- Маңғыстау облысы – 7,9%;
- Абай облысы – 7,4%;
- Жетісу облысы – 7%.
Бұл аймақтарда әрбір 12-тұрғынның табысы күнкөріс шегіне жетпейді. Ал ең жақсы көрсеткіштер Астана қаласы (2,6%), Қарағанды және Атырау облыстарында (3,1% ) тіркелген.
Ауқаттылар санатына кіретін отбасылар
«А» және «В» санатына кіретін отбасының әр мүшесіне шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен кемі 7 есе көп болуы керек. 2027 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі 55 173 теңге болса, оның 7 еселенген мөлшері 386 211 теңгеге тең.
Сонымен қатар бір адамға шаққанда ауданы 120 шартты шаршы метрден басталатын бірнеше тұрғын үйдің болуы, люкс санатындағы көліктер, коммерциялық жылжымайтын мүлік, ірі, орта және шағын бизнес, сондай-ақ көлемді жер учаскелері сияқты көрсеткіштер есепке алынады.