Санжар Боқаевтың соты басталды, судья қатысушыларға ескерту жасады

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Бокаева подозревают в хищении во время работы в нацкомпании
фото: Kursiv Media архиві

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында қоғам белсендісі, «ҚазТрансГаз» ҰК АҚ басшысының бұрынғы кеңесшісі Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық істі қарау басталды. Бұл туралы Kursiv Media хабарлайды.

Сот процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін БАҚ өкілдері мен тыңдаушыларға арналған бөлек залда отырыстың тікелей көрсетілімі ұйымдастырылған. Ал сот залында ұялы телефон арқылы түсірілім жасауға, дыбыс және бейнежазба жүргізуге, сондай-ақ трансляция жасауға тыйым салынған.

Сот отырысында судья Жанат Әбенова сот билігінің тәуелсіздігін атап өтіп, соттың тек Конституция мен заңға бағынатынын ескертті. Оның айтуынша, қаралып жатқан істің мән-жайына қатысты БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланатын пікірлер сотқа қысым ретінде бағалануы мүмкін. Судья журналистер мен интернет қолданушыларын тексерілмеген ақпарат таратпауға және қоғамда алдын ала теріс пікір қалыптастырудан аулақ болуға шақырды.

Сот тәртібін бұзған немесе судьяның өкімдеріне бағынбаған адамдар залдан шығарылып, заңға сәйкес жауапқа тартылуы мүмкін.

Еске салайық, Боқаевты 18 наурызда ұстаған. Кейін оны екі айға қамағаны белгілі болды. Тергеу мәліметтері бойынша, ол алаяқтық жасады, сондай-ақ заңсыз ағаш кесу үшін адамдарға ақша төлеп, кейін сол заңсыздықтар туралы контент түсірді деген күдікке ілінген. Кейін оның қамау мерзімі бірнеше рет ұзартылды.

Сондай-ақ оқыңыз