Жасанды дау туғызып, жалған ақпарат таратқан – прокурор Боқаевтың қылмысы туралы

Алматының Алмалы аудандық сотында прокурор «ҚазТрансГаз» басшысының бұрынғы кеңесшісі Санжар Боқаевқа тағылған айыптарды жария етті. Бұған дейін хабарланғандай, ол ірі көлемде алаяқтық жасау, гранит тақталарды ұрлау, Баум тоғайындағы ағаштарды заңсыз кесу, сондай-ақ жалған ақпарат тарату бойынша айыпталып отыр.
Қылмыстық істің төртінші эпизоды интернет арқылы көпшілікті жаппай алдау әрекеттеріне қатысты. Айыптау тарапының мәліметі бойынша, Боқаев әлеуметтік желідегі парақшаларын пайдаланып, қоғамда әдейі дау-дамай туғызған. Осы мақсатта ол қылмыстық әрекеттерді алдын ала ұйымдастырып қана қоймай, ресми мәліметтерді де қасақана бұрмалаған.
Прокурордың айтуынша, ақпараттық науқан кезең-кезеңімен жүргізілген. Алдымен Боқаев өзі тапсырыс берген қылмыстар туралы бейнероликтер жариялаған. Атап айтқанда, гранит тақталарды ұрлау мен Баум тоғайындағы ағаштарды заңсыз кесу әрекеттерін ұйымдастырған. Ол бұл «жұмысты» орындау үшін адамдарды жалдап, кейін өзінің мобилографы Ұлан Нүсіпқожамен бірге қылмыстың салдарын бейнекамераға түсірген. Осылайша қолдан жасалған оқиғаны шенеуніктер мен құрылысшылардың заңсыз әрі жөнсіз әрекеттері ретінде көрсеткен.
Көрермендердің мұндай бейнежазбаларға ешкүмәнсіз сене беретінін байқаған Боқаев пен оның көмекшісі тағы бір тәсіл ойлап тапты. Олар ашық дереккөздердегі мәліметтерді әдейі бұрмалап, жұртшылыққа шындыққа жанаспайтын ақпарат тарата бастаған.
Қазан айының басында олар Бостандық ауданындағы жаяу жүргіншілер өткелдерін жөндеу туралы бейнеролик жариялаған. Мемлекеттік сатып алу порталындағы құжаттарды зерделегендіктен, жалпы сомасы шамамен 968 миллион теңге 10 өткелді, яғни бұл қаржы 5 жерасты және 5 жерүсті өткелін жөндеуге бөлінгенін нақты білген. Алайда мемлекеттік сатып алу сайтында қаржының жалпы сомасы тендердің атауында көрсетілген. Осыны пайдаланған Боқаев бейнежазбада бір миллиард теңгеге жуық қаражат небәрі екі өткелді жөндеуге жұмсалатынын мәлімдеген. Көрермендерді сендіру үшін роликке порталдан алынған, әдейі қиылған скриншот көрсетілген.
2025 жылдың қарашасында Боқаев пен Нүсіпқожа дәл осындай тәсілді «Атакент» көрме орталығын жөндеу мәселесінде де қолданған. Бұл жобаға бюджеттен шамамен 10,3 миллиард теңге бөлінген. Ресми құжаттарда су құбыры мен кәріз желілерін тарту, балалар ойын алаңдарын, аттракциондар мен саябақ ғимараттарын орнату сияқты көптеген жұмыс түрі қарастырылған.
Алайда Боқаев бұл мәліметтердің барлығын назардан тыс қалдырған. Ол көрермендердің назарын тендердің қысқаша атауына ғана әдейі аударып, 10 миллиард теңгеден астам қаржы тек көшедегі жарық шамдарын орнатуға жұмсалатынын мәлімдеген. Сөзін барынша сенімді көрсету үшін Әзербайжан астанасын жарықтандыруға жұмсалатын шығындармен жалған салыстыру жасаған.
Олардың әрекеттерінен нақты зиян келгені филологтар мен саясаттанушылар қатысқан арнайы сот сараптамасының қорытындысымен расталды. Сарапшылар Боқаевтың әлеуметтік желілердегі жазбаларында адамдарға қате пікірді таңу мақсатында жасырын манипуляциялық тәсілдер қолданылған деген нақты тұжырымға келді.