Астанада әйелді жұмыс орнына дейін аңдыған ер адам 10 тәулікке қамалды

Астанада мас күйде бейтаныс әйелді қоғамдық көліктен жұмыс орнына дейін аңдып, одан телефон нөмірін талап еткен ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Kursiv.media.
Астана сотының мәліметінше, 12 қазанда ер адам мас күйінде қоғамдық орында бейтаныс әйелдің соңынан еріп, қоғамдық көліктен бастап жұмыс орнына дейін аңдыған. Сондай-ақ одан қайта-қайта телефон нөмірін сұрап, әдепсіз әрекеттер жасаған.
Сот отырысында ер адам кінәсін мойындады. Оның кінәсі іс материалдарымен, бейнежазбалармен және жәбірленушінің арызымен расталған.
Сот оны әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабының 1-бөлігі бойынша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Жаза тағайындау кезінде құқық бұзушылықтың сипаты, ер адамның мас күйде болуы, әйелді ұзақ уақыт аңдуы және оның жеке басына қол сұғуы ескерілген. Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Оқи отырыңыз: Астанада тұрғын үйдің ауласында өрескел қылық жасаған екі ер адам ұсталды