Астанада Республика күні 120-дан астам іс-шара өтеді

Жарияланды
Республика күні Астанада қалай тойланады/gov.kz

25 қазанда Республика күніне орай Астанада 120-дан астам іс-шара ұйымдастырылады. Оған мерекелік бағдарламаға концерттер, көрмелер, спектакльдер, спорттық жарыстар, жәрмеңкелер және жаңа нысандардың ашылуы кіреді, деп хабарлайды Kursiv.media.

Мереке қарсаңында елордада бірнеше жаңа нысан ашылады. Олардың қатарында М. Төлебаев көшесі, 3 мекенжайындағы «TANYM SPORT» көпфункционалды кешені мен Сұлтан Бейбарыс көшесі, 15 мекенжайындағы «TANYM ART» кешені бар. Сондай-ақ №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының қосымша ғимараты мен №2 қалалық көпбейінді аурухананың қабылдау-диагностикалық кешенін ашу жоспарланған.

Мәдени және білім беру шаралары

20 қазанда сағат 17:00-де «Жастар» сарайында «Елім деп соққан жүрегім» атты патриоттық кеш өтеді. Сол күні елорданың барлық мектебінде Республика күніне арналған бірыңғай сынып сағаты ұйымдастырылады. Ал 20-24 қазан аралығында оқушылар арасында «Егер мен Президент болсам…» тақырыбында пікірсайыстар мен «Менің елім – Қазақстан» сурет байқауы өтеді.

21 қазанда сағат 11:00-де Сәкен Сейфуллин музейінде «Ұлт рухын ұлықтаған Сәкен» атты мәдени-танымдық кеш ұйымдастырылады. Сол күні №92 мектеп-лицейінде «QAZAQSTAN QUIZ» зияткерлік ойыны өтеді.

22 қазанда сағат 11:00-де Достық үйінде ғылыми-сараптамалық конференция жоспарланған. Осы уақытта Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында жазушы, драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлымен кездесу өтеді. Кешке «Әдебиет әлеміндегі түнгі керуен» атты әдеби шара ұйымдастырылады.

Сол күні сағат 19:00-де «Жастар» сарайында «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі «Ұлы дала әуені» атты концерт береді.

23 қазанда сағат 10:00-де қалалық мемлекеттік архивте оқушылармен «Егемен елдің ертеңі» атты кездесу өтеді. Ал сағат 11:00-де М. Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Әбдірахманов пен тарихшы, профессор Күлпаш Ілиясова елорданың белсенді жастарымен кездеседі.

Сол күні Р. Қошқарбаев даңғылы, 29/1 мекенжайында «Ән-жырым саған, Қазақстан» атты концерт өтеді. Кешкі сағат 19:00-де Мемлекеттік «НАЗ» би театры «Аңсаған арман» бағдарламасын ұсынады.

24 қазанда елорданың алты ауданындағы тұрғын алаптарда, гүлзарларда және қалалық алаңда мерекелік концерттер ұйымдастырылады.

25 қазанда қандай шаралар өтеді

Республика күні елордалықтар мен қала қонақтарына арналған мәдени бағдарлама жалғасады. Сағат 11:00-де Өнер музейінде «Рухты ел» атты лекция-концерт өтеді. М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Ер-Төстік туралы аңыз» ертегісін ұсынады.

Музыкалық жас көрермен театры сағат 16:00-де «Қазақстан өнерінің мақтаныштары» атты шығармашылық кеш өткізеді. Сағат 18:00-де «Абай – Тоғжан» музыкалық драмасы сахналанады. Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры да осы күні «Жас Абай» спектаклін көрсетеді.

Бұдан бөлек, әлеуметтік осал санаттағы балаларға Ұлттық музей мен «Бәйтерек» монументіне экскурсия ұйымдастырылады.

Астанада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді

24-25 қазанда Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайындағы «Қазанат» ипподромының автотұрағында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Онда Қарағанды және Қостанай облыстарының шаруалары өз өнімдерін ұсынады.

Жәрмеңке сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Тұрғындар азық-түлік өнімдерін тікелей өндірушілерден сатып ала алады.

Спорттық жарыстар да ұйымдастырылады

Мерекелік бағдарламаға түрлі спорттық жарыстар енгізілген. 15-17 қазанда «Барыс Аренада» жүзуден әлем кубогының кезеңі өтеді. Оған кіру үшін билет қажет.

17-18 қазанда Sana Sport спорт кешенінде Астана әкімдігіне қарасты ұйымдардың қызметкерлері арасында волейбол турнирі ұйымдастырылады.

19 қазанда Паралимпиадалық жаттығу орталығында көру қабілеті бұзылған қатысушылар арасында тоғызқұмалақтан қала чемпионаты өтеді. Ал 20 қазанда осы орталықта есту және көру қабілеті бұзылған спортшылар арасында шахматтан ашық қалалық чемпионат ұйымдастырылады.

22 қазанда Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Есіл ауданының зейнеткерлері шахматтан бақ сынайды. Сол күні «МУА» педагогикалық колледжінде Алматы ауданы колледждерінің студенттері арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді.

23 қазанда Қаламгерлер аллеясында Байқоңыр ауданы тұрғындары тоғызқұмалақ, асық ату, армрестлинг және ләңгі тебуден сайысқа түседі.

Ал 24 қазанда «Барыс Аренада» күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Жарысты тамашалау үшін арнайы билет қажет.

Мерекелік бағдарлама аясында елорданың алты ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында да іс-шаралар ұйымдастырылады.

Мерекеге орай жаппай сатылым да болады.

Сондай-ақ оқыңыз