Республика күніне орай сауда орындарында 50%-ға дейін жеңілдік болады

Жарияланды
Сатылым 27 қазанға дейін жалғасады/ kursiv.media

Бүгіннен бастап Астана, Алматы, Шымкент және еліміздің басқа өңірлерінде Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары басталды. Науқан аясында тұтынушылар бірқатар тауарды 10%-дан 50%-ға дейінгі жеңілдікпен сатып ала алады, деп хабарлайды Kursiv.media.

Мерекелік жеңілдіктердің негізгі кезеңі 21-27 қазан аралығына жоспарланған. Осы күндері сауда орындарында арнайы ұсыныстар мен жеңілдетілген бағалар қолданылады. Акция аясында азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларды тиімді бағамен сатып алуға болады.

Republic Day науқанына Астанадағы «MEGA Silk Way» және «Хан Шатыр», Алматыдағы «MEGA Alma-Ata», «MEGA Park» және «Forum Almaty», Шымкенттегі «Mega Planet» пен «Shymkent Plaza» сауда орталықтары қатысады.

Ал Bereke Fest акциясы аясындағы жеңілдіктерді азық-түлік сататын сауда желілерінен табуға болады.

Республикалық науқанды Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырып отыр. Басты мақсатқа халыққа қажетті тауарлардың қолжетімділігін арттыру, тұтынушылық сұранысты қолдау және ішкі сауданы дамыту жатады. Сонымен қатар отандық өндірушілердің өнімдерін өткізуге мүмкіндік беру көзделген.

Акцияға қатысатын сауда орындары мен дүкендер туралы толық ақпаратты жергілікті әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарынан білуге болады.

Republic Day және Bereke Fest науқандары 27 қазанға дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыз