Тоқаев Камбоджамен тікелей әуе қатынасын ашуды ұсынды

Жарияланды
Камбоджаға тікелей әуе рейсі ашылуы мүмкін/ Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Камбоджа премьер-министрі Хун Манет шағын құрамда келіссөз жүргізді. Тараптар саяси диалогты, сауда-экономикалық байланыстарды және энергетика мен цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Kursiv.media.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа Премьер-министрінің сапары екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беріп, өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік ашатынын айтты.

«Сапарыңыздың тарихи мәні зор деп санаймын. Өйткені бұған дейін Камбоджа премьер-министрлерінің Қазақстанға жолы түспеген. Ал сіздің қазақ жерімен жеке байланысыңыз бар. Әкеңіз 1982 жылы елімізге келген екен. Бүгін екіжақты қарым-қатынастың ауқымды мәселелерін талқылаймыз», – деді президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының Камбоджаға қызығушылығы жоғары екенін атап өтіп, екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін пысықтауды ұсынды. Сондай-ақ гуманитарлық байланыстарды жандандыру қажеттігін айтты.

Тоқаев Қазақстан мен Камбоджаның табиғи ресурстарға бай елдер екенін еске салып, осы саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, келіссөздерде сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселесіне де назар аударылады.

Өз кезегінде Хун Манет Қазақстанға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнағанына 30 жылдан асқанын атап өтті.

Камбоджа премьер-министрі/ Ақорда

«Бүгін энергетика секторындағы ықпалдастықты тереңдету мүмкіндігі туып отыр деп ойлаймын. Ведомстволарымызға өзара мүдделі бағыттарды анықтауды тапсыра аламыз. Қазақстан электронды үкімет бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізді әрі озық әзірлемелерге ие. Біздің министрліктеріміз осы салада тәжірибе алмасуға қызығушылық танытып отыр», – деді Камбоджа аремьер-министрі.

Кездесу соңында тараптар саяси диалогты, сауда-экономикалық байланыстарды және көпжақты алаңдардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін жан-жақты талқылады.

Оқи отырыңыз: Аптасына 923 рейс: биыл Қазақстаннан қай елдерге жаңа рейстер ашылды

Сондай-ақ оқыңыз