Трамп Ақ үйдің баспасөз хатшысын бес күннен кейін қызметінен босатты

АҚШ президенті Дональд Трамптың жаңадан тағайындалған баспасөз хатшысы Кэти Захария бес күннен кейін қызметінен босатылды. Бұл шешімге оның журналистер алдындағы сәтсіз алғашқы брифингі мен заңгерлік біліктілігіне қатысты дау себеп болған, деп хабарлайды Kursiv.media.
The New York Times басылымының мәліметінше, жұмыстан босату туралы шешім жұма күні қабылданған. Алайда бұл жөнінде ресми мәлімдеме жасалмаған. Ақ үй өкілдері мен Захария журналистердің сауалына жауап бермеген.
Дональд Трамп Захариямен оның алдағы жұмысы туралы сөйлескенін растады. Президент оған осы қызметте қалу-қалмау мәселесін қайта ойлануға кеңес берген.
«Шынымды айтсам, мен сіздің орныңызда болсам, бұл туралы қайта ойланар едім», – деген еді Трамп.
Кэти Захария дүйсенбі күні жұмысқа кіріскен. Ал сейсенбіде журналистерге арналған алғашқы брифингін өткізді. Кездесу барысында ол негізінен алдын ала дайындалған мәтінді оқып, үш сұраққа ғана жауап бергеннен кейін баспасөз өкілдерімен сөйлесуді тоқтатқан.
Осыдан кейін америкалық БАҚ оның кәсіби біліктілігін талқылай бастады. Захария өзін заңгер ретінде таныстырған, ал Трамп та оны адвокат деп атаған. Алайда басылымның мәліметінше, ол адвокаттық емтиханнан өтпеген.
Fox News арнасындағы «Fox & Friends» бағдарламасында оның біліктілігіне қатысты тағы да сұрақ қойылды. Жүргізуші Лоуренс Джонс Захариядан адвокаттық емтиханнан өтпегенін президентке айтпағанына өкінетін-өкінбейтінін сұрады.
«Лоуренс, маған мұндай сұрақ қойылған жоқ», – деп жауап берді Захария.
Тағы да оқыңыз: Ақ үй Trump TV атты телеарна ашты