Биыл Қытайдан экспортталатын көлік саны рекордтық 10 миллионнан асады

Биыл Қытайдан сыртқы нарыққа шығарылатын автокөліктер көлемі алғаш рет 10 миллионнан асуы мүмкін. Мұндай болжамды Қытайдың автомобиль өндірушілері қауымдастығы жариялады, деп хабарлайды Kursiv.media.
Қауымдастық дерегінше, қаңтар-қыркүйек айлары аралығында шетелге 8 миллионнан астам көлік жеткізілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65%-ға артық.
Экспорт географиясы Еуропа, Оңтүстік Америка, Оңтүстік-Шығыс Азия және Таяу Шығысты қамтиды. Бұл нарықтарда әсіресе электрмоторлы көліктер мен гибридтерге сұраныс жоғары.
Сала сарапшыларының пікірінше, Қытай автоөнеркәсібінің позициясын нығайтуға қолжетімді баға мен заманауи технологияларды енгізу айтарлықтай ықпал етіп отыр.
2027 жылдан бастап көлік экспорттау талаптары күшейеді
2027 жылдан бастап Қытайдан көлік экспорттау талаптары қатаңдайды. Өндірушілер шетелде сервистік орталықтары барын және олар көліктерге қызмет көрсетуге дайын екенін құжатпен растауға тиіс болады.
Қытайдың Сауда министрлігі ұсынған мәліметке сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап экспорт лицензиясын рәсімдеу кезінде өндірушілер шетелдегі сервистік орталықтарының барын және олардың көліктерге қызмет көрсете алатынын дәлелдеуі қажет.
Ол үшін компаниялар сервистік орталықтармен жасалған келісімдерді немесе өздерінің қызмет көрсету желісі барын растайтын құжаттарды ұсынуы керек. Сонымен қатар жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажетті рұқсаттар, жабдықтар, мамандардың біліктілігі және қосалқы бөлшектерді жеткізу жүйесі туралы мәліметтер сұралады.
Бірінші санаттағы өндірушілер шетелде кемінде 50 сервистік орталығы бар екенін растауға тиіс.