Жетісу облысында жол апатынан екі адам қаза тапты, тағы 10 адам жарақат алды

Жетісу облысындағы тасжолда шағын автобус КамАЗ тіркемесіне соғылып, салдарынан екі адам қаза тапты, тағы 10 адам түрлі жарақат алды, деп хабарлайды Kursiv.media өңірлік Полиция департаментіне сілтеме жасап.
«Алматы – Өскемен автожолының 143-шақырымында Mercedes-Benz Sprinter мен КамАЗ жүк көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Алдын ала мәліметтер бойынша, оңтүстік бағытта бара жатқан Mercedes-Benz Sprinter жүргізушісі алда бара жатқан КамАЗ-дың тіркемесіне соғылған. Жол апаты салдарынан екі адам оқиға орнында көз жұмды. Ал Sprinter-дің тағы он жолаушысы түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді», – делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция жүргізушілерді жол жүрісі ережелерін қатаң сақтауға, жол жағдайын ескере отырып қауіпсіз жылдамдықты таңдауға, арақашықтықты сақтауға және рөлде мейлінше мұқият болуға шақырады.
Бұған дейін Петропавл-Көкшетау трассасында бес көлік соқтығысып, жол апатынан Солтүстік Қазақстан облысындағы балабақша директоры мен екі тәрбиеші қайтыс болды. Тағы екі адам ауруханаға жатқызылды.