Еуропа отқа оранды: Франция, Италия, енді Албанияда ірі қақтығыстар болды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Фото: Armend Nimani/AFP

Еуропадағы көтерілістер толқыны басылар емес. Франция артынан Албанияда наразылық акциялары жалғасып жатыр, деп жазады Kursiv.Media.

DW дерегінше, 18 қазанда Тиранада полиция мен демонстранттар арасында бірнеше сағатқа созылған қақтығыс болды. Полиция наразылық білдірушілерді тарату үшін су атқыш машиналар мен көзден жас ағызатын газ қолданған.

Ал шерушілер полицияға тас, жанғыш қоспасы бар бөтелкелер мен пиротехникалық заттар лақтырған. Қоқыс жәшіктерін өртеп, билік басындағы партияның штаб-пәтерін қоса алғанда, бірқатар ғимараттың терезелерін сындырған. Бұдан бөлек, полиция бөлімшесі мен Ішкі істер министрлігі ғимаратының кіреберісіне өрт қойған. AFP мәліметінше, бір аптаға созылған наразылық кезінде зардап шеккендердің жалпы саны 272 адамға жеткен. Оның 169-ы – полиция қызметкерлері.

18 қазанда елдің премьер-министрі Эди Рама наразылыққа қатысты алғаш рет кең көлемде үндеу жасады. Премьер-министр отставкаға кетпейтінін айтып, наразылықтың артында сыртқы күштер тұрғанын мәлімдеді. Ол Иран мен Ресейдің атын атады. Раманың айтуынша, наразылықтың басында жүрген студенттерді өздерін студенттермен байланысы жоқ деп сипаттаған, бетперде киген 200–300 адамнан тұратын топ «кепілге алған». Үкімет басшысы бұл топты елде бейберекеттік туғызуға тырысты деп айыптады.

Әзірге Ресей билігі Мәскеу Албаниядағы наразылыққа қатысушыларға ықпал етті деген ақпаратты жоққа шығарды. Иран бұл айыптауларға реакция білдірген жоқ.

Әуелде бұл шеру студенттердің қозғалысынан басталған еді. Олар үкімет саясатына, елдегі қымбатшылыққа наразылық білдіріп, көшеге шықты.

Дәл осындай қақтығыстар бірнеше аптадан бері Францияда да болып жатыр. 18 қазанда елде үлкен қақтығыстар болып, тарихи маңызы бар бірнеше ғимарат отқа оранды. Макрон да халыққа арнайы үндеу жасап, дүние-мүлікке зақым келтіргендер жазаланады деді. Дегенмен ол қоғамның бір бөлігі шынымен де әлеуметтік себеппен көшеге шыққанын мойындап, арнайы шара қабылдауға уәде берді.

Италияның Милан қаласында кәмелетке толмаған жасөспірімдер шеруге шығып, соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Сондай шерулер Турин және Болонья қалаларында болды. La Repubblica мәліметінше, Италиядағы тәртіпсіздіктерден 1,3 млн еуро немесе  660 млн теңге шығын келген.

Сондай-ақ оқыңыз