Аптаның басты кадрлық ауыс-түйістері

Жарияланды
фото: Kursiv Media

Қазақстанда 12–17 қазан аралығында орталық мемлекеттік органдарда, дипломатиялық корпуста және өңірлерде бірнеше кадрлық өзгеріс болды. Аптаның ең елеулі тағайындаулары сыртқы саясат саласына тиесілі. Kursiv Media басты кадрлық ауыс-түйістерді жинады.

Ермек Көшербаев Аустрияға елші болып кетті

Бұрынғы сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Қазақстанның Аустриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды. Ол сонымен бірге Қазақстанның Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі қызметін атқарады.

Көшербаев 2025 жылы Сыртқы істер министрлігін басқарған. 2026 жылдың қыркүйегінде бұл қызметтен кеткеннен кейін оның орнына Мұхтар Тілеуберді келген еді.

КАДРЛЫҚ АУЫС-ТҮЙІС

Аптаның басты кадрлық ауыс-түйістері

12–17 қазан 2026 жыл
13 қазан
Ермек Көшербаев
Қазақстанның Аустриядағы елшісі және Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі
13 қазан
Еркін Тұқымов
Қазақстанның Пәкістандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі
13 қазан
Сәулекүл Сайлауқызы
Қазақстанның Марокко және Тогодағы елшісі қызметінен босатылды
14 қазан
Али Мұхаммедұлы Алиев
Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы
15 қазан
Руслан Жақыпов
Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы
16 қазан
Надир Құрымбаев
ЖИ және цифрлық даму министрлігі департаментінің директоры

Еркін Тұқымов Пәкістандағы елші болды

Президент жарлығымен Еркін Тұқымов Қазақстанның Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалды.

Ол жаңа қызметке ауысуына байланысты бұрынғы лауазымынан босатылды.

Сәулекүл Сайлауқызы елші қызметінен кетті

Сәулекүл Сайлауқызы Қазақстанның Мароккодағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды. Сонымен бірге оның Қазақстанның Тогодағы елшісі қызметін қоса атқаруы да тоқтатылды.

Ақмола облысының кәсіпкерлік басқармасына жаңа басшы келді

Али Мұхаммедұлы Алиев Ақмола облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Бұған дейін ол «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Астананың сәулет басқармасының басшысы ауысты

Руслан Жақыпов Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Жақыпов 2022 жылдан бері «Астанагенплан» ғылыми-зерттеу жобалау институтының бас директоры қызметін атқарған.

ЖИ министрлігінде жаңа департамент директоры

Надир Құрымбаев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ведомстволық бағынысты ұйымдарды үйлестіру департаментінің директоры болып тағайындалды.

Бұған дейін ол осы министрліктің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Сондай-ақ оқыңыз