Астанада Tesla-мен соқтығысқан жүк көлігі көпірден ұшып кетті

Астанада ассенизатор жүк көлігі Tesla автокөлігімен соқтығысқаннан кейін көпірден құлап кетті. Жүк көлігінің 71 жастағы жүргізушісі медициналық мекемеге жеткізілді, деп хабарлайды Кursiv.Media.
Елордалық полиция департаменті хабарлауынша, жол апаты 19 қазанда айналма тасжолда болған. Полицияның мәліметінше, Tesla тізгініндегі 49 жастағы әйел көпірге көтерілетін жолайрықпен келе жатып, басты жолда бара жатқан жүк көлігіне жол бермеген.
«Салдарынан соқтығыс орын алып, жүк көлігі жол шарбағын бұзып, көпірден құлап кеткен», — деп хабарлады Астана қалалық полициясы.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген видеолар тарады. Кадрлардан бүлінген жүк көлігінің жанында эвакуатор мен полицияның қызметтік көлігі тұрғанын көруге болады.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп, апаттың барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Айта кетейік, осыған дейін Жетісу облысында жол апатынан екі адам қаза тапты, тағы 10 адам жарақат алған еді.