Бағасы 35 млн теңгеге жуық: Қазақстанда DENZA B8 сатылымы басталды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
DENZA B8. ФОТО: Astana Motors 

Қазақстанда жаңа премиалды DENZA брендінің көліктері сатыла бастады. Ел нарығына ұсынылған алғашқы модель – 7 орындық DENZA B8 гибридті жол талғамайтын көлігі. Оның бағасы жинақтамасына қарай 34,99 млн теңгеден басталады. Бұл туралы брендтің Қазақстандағы ресми дистрибьюторы хабарлады.

Қуаты мен жүріс қоры

DENZA B8 2 литрлік турбокомпрессорлы бензин қозғалтқышы мен екі электромотордан тұратын гибридті жүйемен жабдықталған. Толық жетек жүйесі бар көлік 100 км/сағ жылдамдыққа 4,8 секундта жетеді.

DENZA B8. ФОТО: Astana Motors 

Өндіруші мәліметінше, автомобиль электр қуатымен 115 шақырымға дейін жүре алады. Ал NEDC өлшеу циклі бойынша аралас жүріс қоры 1 040 шақырымға дейін жетеді.

Аккумулятордың сыйымдылығы – 36,8 кВт·сағ. Ол тұрақты токпен жылдам қуаттауды қолдайды. Өндіруші аккумуляторды толық қуаттауға шамамен 16 минут қажет екенін көрсетеді.

Алты немесе жеті орындық салон

DENZA B8 алты және жеті орындық екі нұсқада ұсынылады. Көлік рамалық шанаққа, толық жетек жүйесіне және жол жағдайына қарай аспа биіктігін реттейтін DiSus-P жүйесіне ие.

DENZA B8. ФОТО: Astana Motors 

Сонымен қатар модельде алдыңғы әйнекке ақпарат шығаратын проекциялық дисплей, цифрлық сервистер және жүргізушіге көмектесетін электрондық жүйелер қарастырылған. Intelligent U-Turn функциясы алдыңғы және артқы электр қозғалтқыштарының жұмысын үйлестіріп, тар жерде бұрылуды жеңілдетуге арналған.

DENZA B8. ФОТО: Astana Motors 

Автокөлікті бес түстің бірінен таңдауға болады. Салон қаптамасы қара және сарғыш түсті екі нұсқада ұсынылады. Мультимедиа жүйесі мен дауыспен басқару қазақ және орыс тілдерін қолдайды.

Қазақстандағы бағасы

Қазақстанда DENZA B8 екі жинақтамада сатылады:

  • Flagship 7 Seat – 34 990 000 теңге;
  • Flagship 6 Seat – 35 990 000 теңге.
DENZA B8. ФОТО: Astana Motors 

Көлікке тест-драйвтан өтіп, кеңес алуға және сатып алуға болатын ресми дилерлік орталықтар – Астанадағы DENZA MyCar Astana және Алматыдағы DENZA Kuldzhinka.

DENZA бренді туралы

DENZA – BYD тобына кіретін премиалды автомобиль бренді. Қытайдың ішкі нарығында бұл модель Fang Cheng Bao Leopard 8 атауымен сатылады.

Тағы да оқыңыз: BYD концерні 1194 ат күшіне ие Denza Z9S көлігін ресми таныстырды.

Сондай-ақ оқыңыз