
Қазақстандағы үй шаруашылықтары үшін мал шаруашылығы азық-түлік көзі ғана емес, табыс табудың да жолы. Алайда 2026 жылдың бірінші жарты жылында мал шаруашылығы өнімдерін сатудан түскен табыс азайып, жануарларды ұстауға жұмсалатын шығын өскен, деп хабарлады Kursiv.media.
Қаңтар-маусым айларында үй шаруашылықтары 4,2 мың тонна сиыр етін сатқан. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 32,9%-ға аз. Шошқа етінің сатылымы 27,3%-ға төмендеп, 2,7 мың тоннаны, құс еті 51%-ға азайып, 47,4 тоннаны құрады.
Ал жылқы етін сату 12,1%-ға өсіп, 1,5 мың тоннаға, қой еті 7%-ға артып, 780,5 тоннаға жетті. Өзге ет түрлері мен ет өнімдерінің сатылымы 4,4 есе өсіп, 397 тоннаны құрады.
Сүт сатылымы 4,7%-ға артып, 114,8 млн литр болған. Жүн мен түбіт сату 45,9%-ға өсіп, 4,8 мың тоннаны құрады. Ал жұмыртқа сатылымы 24,9%-ға азайып, 25,4 млн данаға, бал сату шамамен 12 есе төмендеп, 8,7 тоннаға жетті. Тері сатылымы нөлге дейін түскен.
Energyprom.kz мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында үй шаруашылықтарының мал ұстауға жұмсаған шығыны 51,6 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,9%-ға көп. Шығынның басым бөлігі, яғни 43,8 млрд теңге жемшөп сатып алуға жұмсалған. Бұл бағыттағы шығын бір жылда 14%-ға өскен. Ветеринариялық қызметтерге кететін шығын 53,1%-ға артып, 1,8 млрд теңгені құрады.
Үй шаруашылықтары малды тек сату үшін емес, отбасының өз қажетіне пайдалану үшін де ұстайды. Мысалы, биылғы қаңтар-маусымда өндірілген 14,6 мың тонна қой етінің 11,3 мың тоннасы немесе 77,2%-ы отбасының тұтынуына жұмсалған.
Мал шаруашылығынан түсетін табыс азайды
2026 жылдың бірінші жарты жылында үй шаруашылықтарының мал шаруашылығы өнімдерін сатудан түскен табысы 51,9 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,7%-ға аз. Соңғы бес жылда табыс 25,9%-ға қысқарған. 2021 жылы 70 млрд теңге болса, биыл 51,9 млрд теңгеге дейін төмендеген.
Табыстың ең үлкен бөлігі, яғни 16,6 млрд теңге сүт сатудан түскен. Дегенмен бұл көрсеткіш бір жылда 31,5%-ға азайған. Сиыр етінен түскен табыс 14,2 млрд теңгені құрап, 6,6%-ға төмендеген. Сүт пен сиыр етінен түскен кіріс жалпы табыстың шамамен 59%-ын құрайды.
Сонымен қатар жүн мен түбіт сатудан түскен табыс 47,4%-ға өсіп, 6,3 млрд теңгеге жеткен. Жылқы етінен түскен кіріс 43,1%-ға артып, 5 млрд теңге, қой етінен түскен табыс 40,3%-ға өсіп, 2,6 млрд теңге болған.
Айта кетейік, үй шаруашылықтары өндірген өнімнің бір бөлігін өздері тұтынады, қалғанын сатады. Сондықтан сатылымнан түскен табыс олардың мал шаруашылығынан алатын жалпы экономикалық пайдасын толық көрсетпейді.