Францияның кейбір қалаларында коменданттық сағат енгізіліп жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Францияның кейбір қалаларында коменданттық сағат енгізіліп жатыр / Фото: АР

Францияда жалғасып жатқан тәртіпсіздіктерге байланысты премьер-министр Себастьян Лекорню қажет болған жағдайда қала орталықтарында ішінара және жергілікті коменданттық сағат енгізуді тапсырды, деп жазады Kursiv.Media.

«Тәртіпті қалпына келтіруге бекініп отырмын. Қазіргі жағдайда коменданттық сағат мәселесі және оны енгізу неғұрлым дұрыс болады», – деп келтірді премьер-министрің сөзін France 24.

Францияда төтенше жағдайды енгізу билікке қоғамдық тәртіпке немесе ұлттық қауіпсіздікке төнген қатерді жою үшін әдеттегі полиция функцияларынан тыс уақытша өкілеттіктер береді. Бұл шараларға коменданттық сағат, жүріп-тұруға шектеулер және көпшілік шерулерге тыйым салу кіруі мүмкін.

Себастьян Лекорню 19 қазан кешке қарай коменданттық сағат енгізу қажет аймақтардың картасын дайындауды тапсырды.

«Француздар теледидар көріп отырып, барлық жерде хаос орнады деп ойлауы мүмкін. Бақытымызға қарай, бұлай емес. Тәртіпсіздіктер негізінен қала орталықтарында шоғырланған», – деп атап өтті ол.

Қазіргі уақытта елдің солтүстігіндегі Лилль қаласында коменданттық сағат енгізілгені белгілі болды.

Сауда және шағын бизнес министрі Серж Папеннің айтуынша, тәртіпсіздіктерден кем дегенде 3000 кәсіпорын зардап шеккен. Олар арнайы қолдау қорынан көмек алады.

Айта кетейік, өткен демалыстағы наразылық шаралары кезінде ұрлық және мародерлық жасады деген күдікпен Францияда шамамен 2400 адам ұсталды. Франция президенті Эммануэль Макрон өз үндеуінде тәртіпсіздіктерге қатысқандар келтірілген шығынды толық өтеуге тиіс екенін ескертті.

Франциядағы наразылықтар қалай басталды?

17 қазанда Францияның бірнеше қаласында қымбатшылыққа қарсы жаппай наразылық өтті. Оған шамамен 500 мыңнан 800 мыңға дейін адам қатысқан. Кейбір қалаларда шерулер тәртіпсіздікке ұласты. Парижде тәртіп бұзушылар көліктерді бүлдіріп, ондаған дүкенге зиян келтірді. Марсельде олар қала әкімдігінің ғимаратына басып кірсе, Лионда қалалық туристік ақпарат орталығын өртеді. Франция бойынша полиция 2 мыңнан астам адамды ұстады.

Бастапқыда елдегі наразылық Франциядағы оқушылардың шеруінен басталған. Жасөспірімдер мектепке мұғалімдер жетіспейтініне, материалдық-техникалық жабдықтау нашар болғанына наразылық білдірген. Кейін бұл қозғалысқа студенттер де қосылды.

Наразылық акциясы кезінде елде 400-ге жуық мектеп жабылды. ІІМ 5000 адам ұсталғанын хабарлады, оның басым көпшілігі – кәмелетке толмағандар.

Сондай-ақ оқыңыз