Таразда жолаушы ұшудан бас тартқан соң ұшақ тексерілді

Тараздан Астанаға бағыт алған ұшақ жолаушылардың бірі ұшудан бас тартқаннан кейін тексерілді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Көліктегі полиция департаменті хабарлауынша, оқиға 18 қазанда болған. Тараз – Астана рейсіне отырғызу кезінде жолаушылардың бірі бортсерікке отбасылық жағдайларға байланысты ұшудан бас тартатынын айтқан.
«Осыған байланысты жолаушы мен оның жүгін рейстен түсірудің белгіленген рәсімі жүргізілді. Тексеру барысында жолаушы отырған орынның маңынан тыйым салынған заттар мен заттектер анықталған жоқ», – деп хабарлады полиция.
Орын алған жағдайға байланысты әуе компания өкілдері мен жолаушылар тарапынан арыз-шағым түскен жоқ.
Бұған дейін Алматы-Ақтау бағытындағы FlyArystan рейсінің жолаушысы бөгде сөмкеде бомба бар-жоғын сұрағаннан кейін ұшақтан түсірілген еді. Тексеруден кейін рейс шамамен екі сағат кешігіп ұшқан.