Әскери қызметшілердің несиесі кейінге шегеріледі – азаматтар нені білу керек

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Әскерге шақырылғандардың несиесі қалай төленеді
Әскери қызметшілердің несиесі кейінге шегеріледі / фото: shutterstock

Мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарға банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлем кейінге қалдырылады. Төлемді кейінге қалдыру мерзімді қызметтің барлық кезеңіне және ол аяқталғаннан кейін тағы күнтізбелік 60 күнге автоматты түрде беріледі, деп хабарлайды Kursiv.Media Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттік мәліметінше, төлемді кейінге қалдыру кезінде сыйақы бойынша төлемдер тоқтатыла тұрады. Яғни, кейінге қалдыру кезеңі үшін сыйақы есептелмейді.

Сонымен бірге банкке немесе микроқаржы ұйымына жеке жүгіну, өтініш беру, әскери комиссариаттан анықтама беру не кредиттік шартқа қосымша келісімге қол қою талап етілмейді.

Мерзімді қызметке шақыру және одан босату туралы мәліметтер Қорғаныс министрлігінің, кредиттік бюролардың және қаржы ұйымдарының ақпараттық өзара іс-қимылы шеңберінде кредиторларға беріледі.

Төлемді кешіктіру әскерге шақырғанға дейін болса, не істеу керек?

Егер азамат әскерге кеткенге дейін несиесін төлей алмай, іс сотқа немесе өндіріп алушыларға (коллекторларға) өтіп кеткен болса, бұл процедуралар да сарбаз әскерде болған уақытқа тоқтатылады.

Бірақ бұл қарыз кешіріледі деген сөз емес – әскерден қайтқан соң оны бәрібір төлеу керек. Сондықтан әскерге кетер алдында несиеңіздің жағдайын алдын ала тексеріп, мәселені шешіп кеткеніңіз дұрыс.

Мерзімді қызмет кезінде жаңа кредиттер берілмейді

2025 жылғы 31 тамыздан бастап мерзімді қызметтің әскери қызметшілеріне жаңа банктік қарыздар мен микрокредиттер беруге тыйым салынған еді. Өтінімді қарау кезінде банк немесе МҚҰ кредиттік бюро арқылы азаматтың мәртебесін тексереді. Кредиттік есепте мерзімді қызметті өткеру туралы ақпарат болған кезде кредитор жаңа қарыз немесе микрокредит бермейді.

Шамамен екі жылда 23,5 млрд теңге несие кейінге шегерілген

Төлемді автоматты түрде кейінге қалдыру тетігі 2024 жылғы тамыз айынан бастап қолданылады. «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-тың деректері бойынша 2024 жылғы тамыздан бастап 2026 жылғы 1 маусымға дейін жалпы сомасы 23,5 млрд теңгеге қарыздар бойынша мерзімді қызметтің 82,1 мың әскери қызметшісінің төлемдері кейінге қалдырылды.

2026 жылғы бірінші жартыжылдықтда 30 мың әскери қызметшінің жалпы сомасы 7,5 млрд теңгеге қарыздары бойынша төлемдері кейінге қалдырылды.

Агенттік төлемді кейінге қалдыру берешекті есептен шығаруды білдірмейтінін тағы еске салды. Белгіленген кезең аяқталғаннан кейін кредит бойынша міндеттемелер сақталады және қарыз алушы оларды орындауды жалғастыруы керек.

Сондай-ақ оқыңыз