Астана мен Нью-Йорк арасында рейс қашан іске қосылады – вице-министр жауап берді

Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей әуе рейстері 2027 жылы ашылуы мүмкін. Алғашқы рейстердің бағыты ретінде АҚШ-та Нью-Йорк, ал Қазақстанда Астана қаласы қарастырылып жатыр. Бұл туралы Қазақстанның көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлімдеді, деп жазады Kursiv.Media.
Вице-министрдің сөзінше, АҚШ-қа тікелей рейстерді ашуға дайындық аясында ауқымды жұмыс жүргізілген. Бірнеше апта бұрын Қазақстанға АҚШ Федералдық авиация басқармасының 7-8 инспекторы келіп, бір апта бойы тексеру жүргізген.
«Қорытынды брифингте еліміздің азаматтық авиация жүйесінің жағдайы мен халықаралық стандарттарға сәйкестігіне жоғары баға берілді. Қараша айында АҚШ Федералдық авиация басқармасының ресми есебін күтіп отырмыз. Жыл соңына дейін Қазақстан АҚШ аумағына рейс орындауға ресми рұқсат алады деп үміттенеміз», – деді Талғат Ластаев.
Вице-министр барлық талап орындалған жағдайда Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей рейстер 2027 жылы ашылуы мүмкін екенін айтты.
Рейс коммерциялық тұрғыдан тиімді бола ма?
Журналистер рейстің экономикалық жағынан қаншалықты тиімді болатынын да сұрады. Талғат Ластаевтың пікірінше, екі ел арасындағы қарым-қатынастың дамуы, Қазақстанға деген қызығушылықтың артуы және инвестиция көлемінің өсуі рейстің табысты болуына ықпал етеді.
«Бұл – ұзақ бағыт. Бірақ елдер арасындағы қарым-қатынастың дамуын, Қазақстанға деген сұранысты, инвестиция мен экономиканың өсуін ескерсек, рейс табысты болады деп ойлаймын. Әрине, кез келген жаңа рейстің бастапқы кезеңінде ұшуларды жолға қою қажет. Уақыт өте келе ол коммерциялық тұрғыдан тиімді болады», – деді вице-министр.
Тақырыпқа орай: Аптасына 923 рейс: биыл Қазақстаннан қай елдерге жаңа рейстер ашылды