Биыл фермерлерді қолдауға 31,9 миллиард теңге бөлінді

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Биыл «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» мемлекеттік қорына 135 мың тонна астық жеткізілді. Бұл – форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша жоспарланған көлемнің үштен біріне жуығы. Ұлттық оператор көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру үшін бұл бағытқа 31,9 млрд теңге бөлген, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Астықтың басым бөлігі солтүстік өңірлерден түсті

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік қорға тапсырылған өнімнің басым үлесі елдің басты астықты аймақтарына тиесілі. Оның ішінде Қостанай облысының шаруалары – 75 мың тонна, Солтүстік Қазақстан диқандары – 42,9 мың тонна, ал Ақмола облысының ауыл шаруашылығы өндірушілері 10,8 мың тонна астық өткізген.

Жеткізілген астықтың басым бөлігі, яғни 89 пайызы үшінші сұрыпты бидай. Бұдан бөлек, шаруалар қорға төртінші және бесінші сұрыпты бидай мен арпа тапсырып жатыр. Үкімет бекіткен келісімшарт талаптарына сәйкес, астықты мемлекеттік қорға толық жеткізу процесі 1 қарашаға дейін аяқталуы тиіс.

31,9 млрд теңгелік қолдау

Биыл ұлттық астық операторы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасына 31,9 млрд теңге бағыттады. Бұл механизмнің басты мақсаты – диқандарға көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражатты алдын ала бөліп, күзде жиналған өнімнің бір бөлігін кепілді түрде өткізуге мүмкіндік жасау. Қаржылай қолдау алған шаруашылықтар келісімшартта көзделген көлемде астық және майлы дақылдар жеткізуге міндетті.

Форвардтық келісімшарттар аясында сатып алынған астық ең алдымен мемлекеттік резервті толықтыруға және ішкі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалады. Сонымен бірге бұл ресурстар агроөнеркәсіп кәсіпорындарына қажетті тұрақты жемшөп қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, Азық-түлік корпорациясы 2022 жылдан бері ішкі нарықты қолжетімді жемшөппен қамтамасыз ету үшін арнайы резерв қалыптастырып келеді.

Осы қор арқылы отандық мал мен құс өсірушілер қажетті астықты бекітілген тұрақты бағамен сатып алады. Бұл ет, сүт және басқа да түпкілікті ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзіндік құнын төмендетуге әрі ішкі нарықта бағаны ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Қазақстанда 23 млн тонна астық жиналды. Дақылдардың жалпы өнімі науқан қорытындысы бойынша 5 млн тоннадан асуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз