Иран компаниясы Қонаев қаласында 150 млн долларға ірімшік зауытын салып жатыр

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
Фото: shutterstock

Иранның Solico Group халықаралық холдингіне қарасты «Sofood Kaz» компаниясы Қонаев қаласында жаңа ірімшік зауытының құрылысын бастады. Жобаға құйылатын жалпы инвестиция көлемі 100-150 млн долларды құрайды, деп хабарлайды Kursiv.Media.

«Бәйтерек» холдингінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, қазіргі уақытта өндіріс нысанының металл құрылымы орнатылып, шатыры жабылып жатыр. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жылына 40 920 тонна ірімшік шығаруды жоспарлап отыр.

Жергілікті фермерлерге қолдау

Зауыт өндірісі үшін жылына 91,7 мың тонна шикі сүт қажет. Шикізат негізінен Алматы мен Жетісу облысы шаруаларынан сатып алынбақ. Осылайша, бұл жоба өңірдегі фермерлер үшін сүтті кепілді түрде өткізу нарығын қалыптастырады.

Сонымен қатар, кәсіпорынның ашылуы өңір экономикасына серпін беріп, 400 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Орталық Азия мен Ресейге экспортталады

Өндірілетін өнімнің тең жарымы отандық нарықтағы импортты алмастыруға бағытталса, қалған 50%-ы сыртқы нарық: Орталық Азия елдері, Ресей және Әзірбайжанға экспортталатын болады.

Solico Group – 1973 жылы құрылған, бас кеңсесі Иран мен Дубайда орналасқан ірі халықаралық тамақ өнеркәсібі холдингі. Компанияның Иран, Ирак және БАӘ-де 25 өндірістік алаңы бар.

Қазақстанда Solico Group компаниясының мүддесін MehKAz өкілдігі танытады. Олар 2018 жылдан бері елімізге ирандық сүт өнімдерін, соның ішінде танымал Kalleh брендін жеткізумен (дистрибуциямен) айналысып келеді.

Бұған дейін Solico Group Ресей нарығына кілегейлі ірімшіктер мен кондитерлік өнімдер шығаруды, сондай-ақ елімізде балалар тағамын өндіруді жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді.

Бұған дейін Ақмола облысында 8,1 млрд теңгеге 900 сиырға арналған роботтандырылған ферма ашылған. Яғни, мұнда сиыр сауу, азықтандыру және мал күтімінің негізгі үдерістері автоматтандырылған.

Сондай-ақ оқыңыз