Испанияда мұғалімдер шеруге шығып, көшелерді жапты

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Фото: elpais.com

Испания астанасы Мадридте 200-ге жуық мұғалім ереуіл кезінде тасжолдың бір бөлігін жауып тастады. Олар білім сапасын жақсартуды, сыныптағы оқушылар санын азайтуды және жалақыны көтеруді талап етті деп жазады Kursiv Media.

El País басылымының мәліметінше, наразылық 19 қазанда Мадридтің Мораталас ауданында таңғы сағат 8:30 шамасында басталған. Мұғалімдер көлік жүретін жолға мектеп парталары мен орындықтарын шығарып, қала орталығына қарай баратын қозғалысты тоқтатты.

Наразылық білдірушілер мемлекеттік білім беру жүйесін қорғауға шақырды. Акцияға қатысушылардың бірінің сөзінше, аймақтық білім министрі ереуілге шыққан 40 мыңнан астам мұғаліммен келіссөз жүргізуден бас тартып отыр.

«Билік бізбен, отбасылармен және студенттермен келіссөз үстеліне отырмайынша, біз тоқтамаймыз», – деді наразылыққа қатысушылардың бірі.

Жол жабылғаннан кейін шамамен жарты сағаттан соң полиция келіп, акцияны тоқтатып, көлік қозғалысын қалпына келтіруге кірісті.

Осымен Еуропаның төртінші елінде наразылық шерулері өтіп жатыр. 18 қазанда Францияда үлкен қақтығыстар болып, тарихи маңызы бар бірнеше ғимарат отқа оранды. Макрон қоғамның бір бөлігі шынымен де әлеуметтік себеппен көшеге шыққанын мойындап, арнайы шара қабылдауға уәде берді.

Италияның Милан қаласында кәмелетке толмаған жасөспірімдер шеруге шығып, соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Дәл сондай қақтығыстар Албанияда да жүріп өтті.

Сондай-ақ оқыңыз